
Украина президенті Владимир Зеленский 19 қарашада Түркияға баратынын, осы елдегі бейбіт келіссөздерді қайтадан жандандыруға тырысатынын мәлімдеді.
Бүгін украин президенті Испанияда жүр. Зеленский «тағы бір мықты елдің» қолдауына ие болуға үмітті.
«Испания премьер-министрі Санчеспен кездесу нәтижесінде бізге қосымша күш беретін келісім жасалғанын қалаймыз», – деп жазды президент X әлеуметтік желісіндегі парағына.
Ал сәрсенбі күні, яғни 19 қарашада Зеленский Түркияда кездесулер өткізеді.
«Біз келіссөздердің қайта жандауына дайындалдық, серіктестерімізге ұсыныс дайындадық. Соғысты аяқтауға күш салу – Украинаның басты ұстанымы», – деп мәлімдеді украин басшысы.
2025 жылғы мамыр және шілде айларында Ыстанбұлда өткен келіссөздер барысында Украина мен Ресей тұтқын алмасқан. Алайда жауласушы тараптар соғысты тоқтату мәселесі бойынша ортақ шешімге келе алмай жүр.