Жаңалықтар

12 адамның өмірін қиған Жетісайдағы өрт неден болды

Жетісайдағы өрт  12 адам қайтыс болды
Фото: Дилара Иса

Таңертең жарияланған қайғылы оқиға төбеден жай түскендей әсер етті. Түркістан облысы Алғабас ауылында өрт болып, 12 адам қайтыс болған. Оның тоғызы – бала. Өрт неден шықты? Алғаш көргендер кім? Kursiv.Media материалында.

Қайғылы оқиға болған жердің маңайын қоршап тастаған, бейсауат адамды жақындатпайды. Маңайында полиция, өрт сөндірушілер жүр. Өрт болған үйдің терезелері күйіктен қап-қара болып кеткен. Барлығына дерлік темір қоршау орнатылған.

Жетісайдағы өрт  12 адам қайтыс болды
фото: Дилара Иса

Kursiv.Media тілшісі көршілерімен сөйлесіп көрді. Сол ауылдың тұрғыны Қайыргелді Божымбетовтің айтуынша, өрт электр тогынан шыққан болуы мүмкін.

«Осы жерге келдім, көптеген жедел жәрдем, өрт сөндіру машиналары тұр. Тоқтан шықты деп естідім. Газ емес, тек тоқ деп жатыр», – дейді.

Ол куәгер ретінде өртенген үйдің ішіне кіріп шыққан. «Көзге көрінерлік ешнәрсе жоқ, барлығы жанып кетті» дейді. Қайтыс болған көршілерімен танысып, аралас-құралас болып жүрген.

«Келгендеріне үш жыл болды. Үйіне кіргенде құран оқытты, сол кезде танысқанбыз… Дәурен деген 91 жылғы бала, төрт баласы бар. Осында балалары ойнап жүретін. Солар кеткен. Жалпы кеше олардың отбасында той болған. Үш ағайынды. Оның біреуі осы жерде, біреуі жолдың арғы бетінде, енді біреуі көрші ауылда тұрады. Тойдан кейін олардың біреуі өз үйіне кеткен, екі бауыр осында қалған. Содан кейін осындай жағдай болып отыр ғой», – дейді марқұмдардың көршісі.

«Екінші қабаттан келіншек айқайлап тұрды»

Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Жүнісова өрт таңғы сағат бес-алты арасында болғанын айтады. Қып-қызыл өрт болған үйдің екінші қабатынан келіншектің терезеден айқайлап тұрғанын естиді.

«Сағат 05:05-те көрдім. Намаз оқуға шыққанмын, сонда анау келіншек «әпше, жәрдем беріңізші» деп айғайлап жатыр екен. Не болды дедім. Бәріне қоңырау шалған, ешкім телефон тұтқасын көтермеген. Содан кейін көршілерге (көмек сұрауға) бардым. Сөйтіп, сағат 6 болған. Сағат 6-дан кейін егіз баланың біреуінің денесін алып шыққанын көрдім», – дейді ол.

Үйіндегі ұлын да оятып, дереу өрт болған үйге жүгіртеді.

«Ар жағынан барып терезедегі қоршаудың бір жағын сындырды. Менің балам біреуін алып шықты. Содан кейін 2-3 минуттан кейін полиция келді», – деді көршісі.

Қазір өрттен кейін қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр.

Бүгін таңертең Түркістан облысындағы Алғабас ауылында өрттен 12 адам қаза тапты. Ішінде тоғыз бала бар. Тағы үш адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Кейінірек өрттен қайтыс болғандардың аты-жөні жарияланды.