Жаңалықтар

Басына кондиционер құлаған 23 жастағы фельдшер көз жұмды

Фото: Instagram / rustemova_aliya

Астанада басына кондиционер құлап, ауыр жарақат алған фельдшер қайтыс болды. 23 жастағы Ұлдана Мырзуанның бақилық болғанын елорданың денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

«Өзінің кәсіби міндеттерін орындау кезінде ауыр жарақат алған фельдшер, әріптесіміз қайтыс болғанын қайғыра айтамыз. Тұрғын үй кешенінің сыртқы кірпіш қаптамасының бір бөлігі құлаған кезде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсете отырып, өзі де ауыр жарақат алып, өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді», деп жазды Астана қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова Instagram парақшасында.

Еске салайық, 8 қараша күні Астанадағы тұрғын үйдің қасбеті құлаған. Сол кезде көмекке келген екі фельдшердің басына кондиционер құлап, жалпы 5 адам жарақат алған. Екі фельдшер ауыр жағдайда ауруханаға түскен.  

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов фельдшердің әрекетін ерлік деп бағалады.