Жаңалықтар

Қазақстандағы ең кәрі және ең жас шенеуніктердің рейтингі

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Ranking.kz Қазақстандағы ең кәрі және ең жас шенеуніктердің тізімін жасады. Бұл тізімге тек жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілер – министрлер мен олардың орынбасарлары, облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдері, республикалық деңгейдегі ірі мемлекеттік құрылымдардың басшылары кірді.

Зейнеткер шенеуніктер

Жас жағынан алғашқы орында тұрған әрі бұл тізімдегі зейнеткерлер – Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев. Екеуінің де жасы – 64-те. Елдегі бас экологтың зейнет жасынан асқаны бұған дейін БАҚ тарапынан сұрақ тудырған болатын. Нысанбаев болса, күш-қуаты, білімі мен тәжірибесі барда жұмыс істей беретінін айтқан еді.

Қараша айының соңында ішкі істер вице-министрі Игорь Лепёха да зейнеткерлер қатарын толықтырады. Ол үкімет кулуарларында өзіне қойылған өткір сұрақтарға мүдірмей жауап беріп үйренген.

Жыл соңына дейін оның құрдасы, Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та 63 жасқа толады. 40 жылдық еңбек жолында ол газет бас редакторы, президенттің баспасөз хатшысы, елші, сенатор және әкім қызметтерін атқарған.

Рейтингке енген қалған алты шенеунік зейнет жасына таяғандар, яғни 60–61 жастағылар. Олардың қатарында – еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов, сондай-ақ облыс әкімдері Марат Ахметжанов, Нариман Төреғалиев және Құмар Ақсақалов бар. Кестеде әрқайсысына қатысты бір ерекше дерек келтірілген. Солардың ішінде ерекше атап өтетін тұлға – Құмар Ақсақалов. Ол жұмысына жаяу барып жүр. Солтүстік Қазақстан облысын басқарған кезінде де Ақсақалов дәл солай қаланың басты көшесімен жаяу жүретін. Кез келген адам оны тоқтатып, сұрақ қоя алатын. Оны өңірде «халық әкімі» деп атап кеткен.

Олардың жалақысы…

Жасы үлкен шенеуніктердің жалақысы қанша дегенге келсек… Мұнда бәрі лауазым мен еңбек өтіліне байланысты. ҚР Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, өткен жылы облыс әкімінің орташа номиналды жалақысы шамамен 1,7 млн теңге болған. Бұл – үстемеақыларды, сыйақыларды және өзге де қосымша төлемдерді қоспағандағы негізгі сома. Министрлер мен олардың орынбасарлары өңір басшыларынан сәл аз алады — шамамен 1,5 млн теңге.

Ең жас шенеуніктер

Ең жас шенеуніктердің әрқайсысы алдыңғы тізімдегі шенеуніктердің баласындай. Үкіметтегі кадрлық құрам жиі жаңарып тұратындықтан, үміткерлер саны көп. Біз тізімге жасы ең кіші азаматтар енді. Осы рейтингке қарағанда, министр орынбасары мен қала әкімінің орынбасары сияқты лауазымдарға бүгінде жасы отыздан асқан, еңбек өтілі 9–15 жыл аралығындағы жастар келіп жатыр.

Биліктің жоғары эшелонындағы ең жас шенеунік – Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов. Ол тәуелсіздіктен кейін туған азамат, «Алтын белгі» иегері. 9 жылдық еңбек өтілінде түрлі министрліктерде бас сарапшы, басқарма басшысы сияқты қызметтер атқарған.

Екінші орында – Түркістан қаласының 33 жастағы әкімі Әзімбек Пазылбекұлы. Ол – марқұм Бердібек Сапарбаевтың жиені. Төрт жоғары білімі бар, оның әрқайсысын мемлекеттік қызметпен қатар алып жүрген, бір дипломды алуына 2–4 жыл кеткен.

Ең жас бес шенеуніктің қатарына, сондай-ақ, әртүрлі министрліктегі 34 жастағы вице-министрлер – Қайырхан Тұтқышбаев, Дмитрий Мун және Бекболат Молдабеков енген.

Рейтингке енгендердің басым бөлігі «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері. Көпшілігінің еңбек жолы бірден жоғары лауазымдардан басталған. Алайда, ерекше назар аударарлық жекелеген мысалдар да бар. Мәселен, Өскемен қаласының жас әкімі Алмат Ақышев еңбек жолын Астанадағы концерт залында билет тексеруші болып бастаған. Ал вице-министр Ермек Кенжеханұлы университетте оқып жүрген кезінде жер жыртып, тыңайтып, егін егіп, өнім жинаумен өзі айналысқан. Демек, Ұлыбританияда ауыл шаруашылығы саласының мамандарын тек басқаруға ғана емес, сол шаруашылықтың ішкі жұмыстарын терең түсінуге де үйретекен болуы керек.

Жас шенеуніктердің табысы

Вице-министр деңгейіндегі қызметкерлердің базалық жалақысы 2024 жылы 1,5 млн теңге болды, бұл жас министрлер мен олардың орынбасарларының жалақысымен тең. Дегенмен, жалпы сомасы аздау болады, өйткені ұзақ еңбек өтілі мен мемлекеттік наградалары бар қызметкерлерге қосымша төлемдер беріледі. Облыс орталықтарының жас әкімдері министр орынбасарларынан шамамен екі есе аз – 836,9 мың теңге алады.

Айта кетейік, 2026 жылдан қала мен аудандар әкімдері халықты жұмыспен қамту көрсеткіштері үшін де тікелей жауапты болмақ.  Сондай-ақ, шенеуніктердің көлеңкелі экономикаға қарсы күреске байланысты жұмысы KPI арқылы бағаланады.