
Жүкті әйелдер мен балалар үшін аса қауіпті гонконг тұмауының штамы Қазақстанда өршіп барады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті хабарлады.
587 адам гонконг тұмауын жұқтырды
Ресми деректерге сүйенсек, күзгі-маусымдық кезең басталғалы бері елде 590 адамнан тұмау зертханалық түрде расталған. Оның 587-сі – H3N2 штамы, яғни гонконг тұмауы. Бұл вирус H2N2 тұмауынан мутацияланған және аурудың ауыр түрлерін тудырып, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.
«H3N2 штамы үш негізгі топ үшін қауіпті: жүктіліктің соңғы кезеңіндегі әйелдер, екі жасқа дейінгі балалар және өкпенің созылмалы ауруы бар адамдар», – делінген комитет хабарламасында.
Қыркүйек айының басынан бері елімізде жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 1,46 миллионнан астам жағдайы тіркелген. Дегенмен өткен маусыммен салыстырғанда 20%-ға аз. Соған қарамастан, мамандар эпидемиологиялық жағдай өршіп тұрғанын айтып, арқаны кеңге салуға әлі ерте екенін ескертеді.
Халықтың 10%-ы ғана вакцина салдырды
Қазір елде екпе егу науқаны жалғасып жатыр. Бүгінгі күнге дейін шамамен 2,1 млн адам, яғни халықтың небәрі 10%-ы ғана вакцина салдырған.
Ауру белгілері қандай?
Бұл штамм агрессивтілігімен танымал. 1968 жылы Гонконгта H3N2 вирусының жаңа түрі пайда болып, қысқа уақыт ішінде бүкіл әлемге таралды. «Гонконг тұмауы» деп аталған пандемия кезінде он миллионнан астам адамның өмірі қиылды. Аталған вирус А типті тұмаудан аса көп ерекшеленбейді. Адамның қызуы көтеріліп, басы ауырып, денесі сырқырайды, құрғақ жөтел бірнеше күнге дейін мазалайды.
Айта кетейік Астанада да «Гонконг тұмауын» жұқтырғандар бар. Сондай-ақ 48 мыңнан аса бала тұмаумен ауырып жатыр. Эпидемиялық маусым басталғалы Астанада 82 520 ЖРВИ жағдайы тіркелген, бұл былтырғы көрсеткіштен 6% жоғары.