12 адамның өмірін әкеткен өрттің алдын-ала себебі айтылды

Түркістан облысы, Алғабас ауылында 12 адамның өмірін қиған өрттің шығуына не себеп болды. Бұл сұраққа Jibek Joly арнасының эфирінде төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Жасұлан Айнабеков жауап берді.
«Өрт оқиғасы болған жерде облыстық төтенше жағдай департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының өрт сынақ зертханалық тексерісі тағайындалды. Тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Өрт сынақ зертханасы сараптамасының қорытындысы әлі шыққан жоқ. Дегенмен әлеуметтік желілерде электр жабдықтарын қосатын желілік фильтрдің ақауы деген алдын-ала болжам айтылып жүр. Өрттің нақты неден шыққаны анықталып, қосымша ақпарат беріледі», – деді ол.
Өрт шығуына байланысты үкіметтік комиссия құрылды. Оның төрағасы, премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев Алғабас ауылындағы жеке тұрғын үйде шыққан өрт оқиғасында қылмыстық құрам жоқ деп мәлімдеді. Қазір «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ал өрттен аман қалған үш адамның жағдайы әлі де ауыр. Олар жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.