Жаңалықтар

Абай облысында эпидахуал қиындап, 10 мың оқушы онлайнға ауысты

ЖРВИ ауырған оқушы
Оқушылар онлайнға ауысып жатыр / фото: ашық дереккөзден

Абай облысында тұмау өршіп, 10 мыңнан астам оқушы онлайн форматқа ауысты. Тұмау мен ЖРВИ таралуын болдырмау мақсатында осындай шара енгізілді дейді облыстық білім басқармасындағылар.

Қазір Семейдегі 9 870 оқушы, Бесқарағай, Аягөз және Ақсуаттағы 203 бала қашықтан оқиды.

Жалпы облыста 304 мектеп бар, онда 99 мың бала оқиды. Қазір 246 мектеп толыққанды жұмыс істеп тұр, ал 58 мектеп ішінара қашықтан оқу форматына ауыстырылған.

Бүгін үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова соңғы аптада республикада 6 мың оқушы ЖРВИ-мен ауырғанын айтты. Жалпы эпидемиологиялық маусым (1 қыркүйектен бері) басталғалы 1 млн 461 мың адам ЖРВИ-мен ауырған. Соның ішінде 66%-ы 14 жасқа дейінгі балалар.

Өткен аптада бас санитар дәрігер Сархат Бейсенова егер оқушылар арасындағы ауруға шалдығу деңгейі 30%-дан асса ғана, онлайнға шығады деген еді.