
Қазақстандық шенеуніктердің арасында аксессуар таққанды жақсы көретіндер бар. Үкімет отырысы немесе кулуарда олардың қол сағаттарына көзіміз түсіп жатады. Депутаттар мен министрлер қандай модельді жиі таңдайды? Қарапайым смарт-сағат па әлде швейцариялық люкс брендтер ме? Біз ЖИ арқылы мемлекеттік қызметкерлер қандай сағат тағатынын зерттеп көрдік.
Мәжілістегі белсенді депутаттардың бірі – Еділ Жаңбыршин. Оның қолындағы сағаттың моделі Casio G-Shock MR моделіне ұқсайды. Сағат 2024 жылы шыққан. Аксессуар авторлары, жапон самурайларының қылышынан шабыт алған. Шынысы – сапфир, ал корпусы мен бауы титаннан дайындалған. Бұл сағат бренді танымал, бірақ люкс санат деуге келмейді. MR-G моделінің ең арзаны 1300-1500 доллар, ал қымбаты 5000-8000 доллар аралығында сатылады.

Экс-министр, мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов та сағат таққанды жақсы көреді. Оның қолынан байқағанымыз Whoop 5 фитнес-трекеріне ұқсайды. Ол денсаулық пен спорт көрсеткіштеріне бақылауға арналған. Бағасы шамамен 150 мың теңгеден басталады.

Премьер-министр Қанат Бозымбаевтың да сағаты көзге түседі. ЖИ оның қолындағы аксессуарды Huawei watch ultima цифрлы сағаттарына ұқсатты. Корпусы металл, денсаулық көрсеткіштерін бақылайды, су астында пайдалануға болады. Дәл осы сериядағы сағаттың бағасы шамамен 200-250 мың теңгеден басталады.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев та смарт-сағат тағып жүруі мүмкін. ЖИ оның қолындағы моделді Garmin Vivoactive сағатына ұқсатты. Garmin спорт пен күнделікті өмірге лайық фитнес-сағат. Vivoactive моделінің бағасы шамамен 140-150 мың теңгеден басталады.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова – әшекей-бұйым таққанды жақсы көретін шенеуніктің бірі. Ресми суреттерінің бірінен қолынан байқалған жіңішке сағатты ЖИ швейцариялық Harry Winston моделіне ұқсатты. Корпусы сары алтыннан жасалған, бауы былғары. Оның бағасы қолданған материал, механизм күрделілігіне қарай өзгеруі мүмкін. Шамамен 3000 доллардан бастап 20 000 долларға дейін барады

Премьер-министр орынбасары Ермек Көшербаев та смарт сағаттың жанкүйері екен. ЖИ оның қолындағы аксессуарды Apple Watch деп көрсетті. Оның құны корпус материалына, түріне байланысты өзгереді. Қарапайым моделі 150 мың теңгеден бастап, премиум санаты 500 мыңға дейін жетеді.

Ал президент Тоқаев заманауи аксессуарға қарағанда винтаж сағаттарды жақсы көретін тәрізді. Оның қолындағы сағатты ЖИ Vacheron Constantin брендінің моделіне ұқсатты. Ол – әлемдегі ең беделді швейцариялық люкс санатындағы бренд. Корпусы өте жоғары, техникалық шеберлікті талап етеді. Ашық дерекке сүйенсек, бұл брендтегі сағат бағасы 12 мың доллардан басталып, кейбір эксклюзив моделдерінің құны 100 мың долларға дейін жетеді.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, шенеуніктер жалақысы 1 млн теңгенің үстінде. Мәселен, өткен жылы облыс әкімінің орташа номиналды жалақысы шамамен 1,7 млн теңге болса, ал министрлер мен олардың орынбасарлары 1,5 млн теңге жалақы алады.