Жаңалықтар

Жетісайдағы өрт: жансақтау бөліміне түскендердің жағдайы қалай

Фото: shutterstock.com

Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында 12 адамның өмірін қиған өрттен аман қалған 3 адамның жағдайы әлі де ауыр. Олар жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, науқастарға интенсивті терапияның толық кешені жүргізіліп жатыр, жағдайы салалық мамандардың толық бақылауында.

«Құтқарушылар келген сәтте зардап шеккендердің бірі 1986 жылы туған азамат үйден өз бетімен шығып үлгерген. Қазір оның жағдайы ауыр, денесінің 12% күйік шалған. Ал 1991 жылы туған тұрғынның денесінің 30% , 2018 жылы туған баланың денесінің 11% күйік шалған. Оларды мамандар шұғыл түрде ауруханаға жеткізген. Қазір екеуі де арнайы аппаратқа қосылған. Жедел көмек көрсету үшін Шымкенттен санавиация тобы ұшып келді», делінген ресми хабарламада.

Кеше облыс әкімдігі ауруханада жатқан бір адамның есін жиғанын хабарлаған болатын.

«Жедел медицина желісі бойынша күшейтілген жұмыс тәртібі енгізілді. Облыстық денсаулық сақтау мекемелерінен қосымша мамандар тартылып, қажетті дәрі-дәрмекпен және психологиялық қолдаумен қамтамасыз етілді», делінген басқарма хабарламасында.

Қазіргі таңда өрттің себебі анықталуда. Ал полиция оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 292- бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, кеше таңсәріде Алғабастағы екі қабатты тұрғын үйден өрт шығып, 12 адам мерт болған. Олардың жетеуі бір отбасының адамы. Қалғаны үй иесінің ағасының төрт баласы мен анасы екені белгілі болды. Кеше марқұмдардың жаназасы шығарылып, жерленді.