Жаңалықтар

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның жары әсерлі жазба жариялады

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның жары әсерлі жазба жариялады / Фото: threads

Қызмет бабы барысында қайтыс болған жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның күйеуі әсерлі пост жазып, марқұмның суреттерін жариялады. Келіншек 18 қарашада Астанадағы тұрғын үйдің қаптамасы құлағаннан кейін ауруханада қайтыс болды.

Фотосуретте жас жұбайлар ақ киіммен суретке түскен. Әділет Зейнел соңына дейін сабыр сақтағанын жеткізген.

«Ешқандай медаль, ешқандай сөздер менін жүрегімнін иесін маған қайтарып бере алмайды, Үйіме нұр құт береке әкелген Алла қосқан адал жарымнын тілеуін тілеген барша Қазақ еліне алғысым шексіз. Осы уақытқа дейін Алладан жүрегімді аман алып қалуын тілеп, қасында барынша көп болып дұға еттім, сабыр қылып бәрін сабырға салдым», – делінген жазбада.

Сондай-ақ ер адам қайғылы оқиғаны тергеп, кінәлілерді жазалауды, адал тергеуді талап ететінін атап өтті.

«Ендігіде менде талап соттын адал өтуі, тергеудің адал қаралуы, Құдай қосқан қосағымның жаны тыныш болуы үшін осыны аяғына дейін алып бару керек. Жауаптылар жазасын алу керек!»- деді Әділет Зейнел.

Жазбаға мыңдаған жанашыр адам пікір жазды. Пайдаланушылар отбасына қолдау көрсетіп, қайғы-қасіретіне ортақтасып, көңілдерін білдіруде.

Естеріңізге сала кетейік, 8 қарашада Астанада тұрғын үйдің қасбетінен кірпіш қаптама құлаған болатын. Құтқару жұмыстары кезінде 9-қабаттан құлаған кондиционер Ұлдананың басына тиген. Ол ауыр жағдайда ауруханаға жеткізіліп, бас сүйегіне трепанация жасалды, бірақ қызды құтқару мүмкін болмады.

Ұлдана небәрі 23 жаста еді. Ол медицина саласында бес жыл жұмыс істеген, жақында тұрмысқа шыққан.

Ұлдананы жерлеу рәсімі бүгін, 19 қарашада өтті.