Жаңалықтар

Экономика 2026–2028 жылдары кемі 5% өседі – Үкімет

Фото: kursiv.media архиві

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында 2026-2028 жылдары экономика жылына орта есеппен 5% деңгейінде өсетінін мәлімдеді.

Жұманғарин өсімнің сапасы туралы айта келе, Үкімет тек жалпы ішкі өнім құрылымы салаларындағы өсуді ғана мақсат етпейтінін жеткізді. Өсімді қамтамасыз етуде адами капитал, негізгі капитал, табиғи ресурстар, еңбек өнімділігі және технологиялар сияқты маңызды факторлардың үлесі ескерілетінін атап өтті.

«Осыған байланысты әлеуетті жалпы ішкі өнім бойынша экономикалық өсудің декомпозициялануы өзекті болып отыр. Өсудің ең маңызды факторы «жиынтық өнімділік» болып саналады. Ол экономикалық өнімді құру процесінде еңбек пен капитал сияқты барлық өндіріс факторларын пайдалану тиімділігін өлшейді. Жиынтық өнімділіктің өсуі тиімділіктің жақсарғаны мен технологиялық прогресті көрсетеді. 2001-2024 жылдар кезеңінде осы фактордың экономика өсуіне қосқан үлесі орта есеппен 2,4 пайыздық тармақты құрады. Капитал салымы орта есеппен 1,8 пайыздық тармақ, ал еңбек салымы – 1,3 пайыздық тармақ. Еңбек өнімділігін, тиімді жұмыспен қамтуды және капиталдың технологиялық деңгейін арттыру арқылы ұзақ мерзімді өндірістік қабілеттілікті жоғарылатуға басымдық беріледі», – дейді ол.

Вице-премьер сонымен қатар, бұл өз кезегінде жалпы ішкі өнім өсуі мен жалақының артуы арасындағы алшақтықты біртіндеп жоюға алып келетінін айтты. Ұлттық экономика министрлігі Халықаралық валюта қорымен бірлесіп қазіргі заманғы әдістерді пайдалана отырып, осы факторлардың жалпы ішкі өнім өсуіне қосқан үлесін тұрақты бағалауды жүргізіледі.

Айта кетейік, сарапшылар Қазақстан экономикасы биыл өскенімен, алдағы жылы бұл қарқын төмендейді деген болжам жасаған еді. Halyk Research сарапшыларының есебіне сәйкес, ел экономикасы 2025 жылы «өсу шегінен» өтіп, 2026 жылы баяулайды.