Ең төменгі жалақыны қазір көтеруге не кедергі – Жұманғариннің жауабы

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында вице-премьер Серік Жұманғариннен ең төменгі жалақы не себепті екі жылдан кейін қаралатыны, неге дәл қазір қаралмайтыны сұралды.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкіметтің алдағы үш жылда халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған жоспарын таныстырған еді.
«2027-2028 жылдары ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі қаралады. 2026-2028 жылдары халықтың нақты табысының өсуі жылына орта есеппен 2-3%-дан төмен болмайды», – деді ол.
Баспасөз мәслихатында тілші одан жалақыны қазір көтеруге не кедергі екенін нақтылауды сұрады.
Вице-премьердің айтуынша, мәселе – мемлекеттік қаржының қазіргі жағдайы мен жоспарланған реформалардың әсерінде.
«Бұл қаржылық мәселелерге байланысты. Қазір салық реформасы, қаржылық реформалар жүріп жатыр. Келесі жылы жағдайдың қалай болатынын көру керек. Біріншіден, салықты қалай жинаймыз? Екіншіден, сыртқы және ішкі нарықтағы ахуал қалай өзгереді? Алдымен соны бағалау қажет», – деді ол.
Жұманғариннің сөзінше, ең төменгі жалақыны көтеру мәселесі 2027–2029 жылдарға арналған жаңа бюджет жұмысы басталатын келесі жылдың алғашқы жартысында қаралады.