Ұлттық банк елдің әл-ауқатын арттыру үшін алдағы екі жылда не істейді

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Ұлттық банк
Коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасы аясында қандай шараларды қабылдайтынын Үкіметте айтып берді.

Ақша-кредит саясаты

Сүлейменов ең біріншіден ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу жайлы айтты. Сөзінше, ақша-кредит саясаты инфляцияны төмендетуге, инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға және теңгеге деген сенімді нығайтуға бағытталады. Базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдағанда тәуекелдер балансы, сыртқы конъюнктура мен ішкі сұраныс, жұмыспен қамту және басқа да экономикалық факторлар жан-жақты талданып, есепке алынады.

«Биыл қыркүйектен бастап минималды резервтік талаптардың жаңартылған нормативтері күшіне енді. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша өтімділік профициті 7,7 трлн теңгеден 5,8 трлн теңгеге дейін қысқарды. Сонымен қатар, банктер резервінің көлемі 0,8 трлн теңгеден 2,6 трлн теңгеге дейін өсті. Екінші кезеңде алынатын өтімділіктің жалпы көлемі 3,5 трлн теңгеге жетсе, үшінші кезеңде 3,9 трлн теңгеге жетеді. Ақша нарығындағы операциялық бағдардың (TONIA) тиімділігін арттыру мақсатында қысқамерзімді ноталар шығару көлемі 3 есе 1,5 трлн теңгеге дейін кеңейтіледі», – деді ол.

Валюталық саясат

Ұлттық банк ішкі нарықтағы валюта бағамы фундаменталдық факторлардың, валютаға сұраныс пен ұсыныс арақатынасының әсерінен еркін бағам белгілеу жағдайында қалыптаса беретінін айтты. Сонымен бірге, ұлттық валютаны тұрақсыздандыратын, спекулятивтік ауытқуларды және қаржылық тұрақтылық тәуекелдерін болдырмау үшін қатаң әрі жедел түрде нақты әрекет жасауға, яғни валюталық интервенцияларды жүргізуге дайын екенін жеткізді.

Мемлекеттік бағалы қағаздар

Мемлекеттік бағалы қағаздардың ішкі нарығын дамыту мақсатында мемлекеттік қарызды басқару офисі (Debt Management Office) құрылып жатыр. Сүлейменов ол офис қарызды басқару саясатын жетілдіру бойынша стратегиялық функцияларды орындайтынын айтты. Сонымен қатар ақпарат жинау, қарыздың тұрақтылығын талдау, шешімдер дайындау операциялық міндеттерін де атқарады.

Кредиттеу

Қаржы секторында тұтынушылық кредиттеу сегментіндегі тәуекелдерді төмендету, банк жүйесіне деген сенімді арттыру, шағын және орта бизнеске қарызды жеңіл алуды қамтамасыз ету үшін микро және макропруденциалды шаралар кешені іске асырылады. Оның негізгі бағыттары мыналар: секторлық контрциклді капитал буферін іске қосу. Келесі жылғы 1-ші сәуірге қарай банктер жеке тұлғалардың портфелі бойынша тәуекелі өлшенген активтердің 2% мөлшерінде қосымша капитал буферін қалыптастырады. Қазіргі бағалау бойынша ол жарты триллион теңгеге жуық болады.

Ұлттық Банк бөлшек сауданы кредиттеу динамикасына тұрақты мониторинг жүргізіп, қажет болған жағдайда буфер мөлшерін түзету шешімін Қаржылық тұрақтылық кеңесінің қарауына шығарады.

Сондай-ақ оқыңыз