
Белгілі әнші Айдана Меденова сахнаға оралатынын жариялады. Әнші әуелі тыңдармандарына бірнеше жыл сахнаға шықпай кетуінің себебін түсіндірді. Сөзінше, кейінгі жылдар отбасына оңай тимеген, әртүрлі өзгерістер болған.
«Білім алу, тәжірибе жинау – бәрі қатар жүрді. Балам Хани өмірге келді. Мен толыққанды ана ретінде декретте отырдым. Ал Әлихан мен Әмина туғаннан кейін, үнемі гастрөлдерде жүрген едім. Сол кезде өз балаларым қалай өсіп жатқанын көрмейтінмін. Кейінгі үш жылда көп нәрсеге көзім жетті. Кімнің кім екенін көрсетті. Өмірімде кездескен әр адамға рақмет айтамын!», – дейді әнші.
Сондай-ақ ол жолдасы Әлішер екеуі шоу-бизнестен кеткеннен кейін, басқа салада бақ сынап көргенін, бірақ әлі өз орнын таппағанын да жасырмады.
«Әлішер екеуміз шоу-бизнестен кетіп, басқа бағыттарда бағымызды сынап көрдік. Әлі де көріп жатырмыз. Бірақ бәрібір ол жақта өзімізді толықтай сезіне алмадық. Сондай-ақ көбісі Әлішер мен тұрмысқа шыққаннан кейін менің шығармашылығыма шектеу қойды деп ойлайды екен. «Пропаганда үшін ақша төлейді» дейді екен. Алайда оның бәрі өтірік. Keshyou тобынан кеткеннен кейін, Әлішер менің продюсерім болды. Менің күйеуім өмір бойы шығармашылықпен айналысты. Үлкен концерттер ұйымдастырды. Екеуміз бар жұмысымызды бірге жасадық. Біз бай отбасынан емеспіз, бай туыстарымыз да жоқ. Қиыншылықтар болғанын туыстарымыз да білмейді. Әкемді жоғалтқан кезде, менде үлкен трансформация болды. Одан бұрын анам қайтыс болғанда да, әншіліктен екі-үш жыл алыстап кеткен едім. Шындық осы. Мен бар уақытымды осы күнге дейін рухани дамуға, жанұяма арнадым», – деді өнер иесі.
Айдана Меденова оқырмандарына сахнаға қайта оралатынын, өзін қатты сынамауды өтінді.
«Менің сіздерге айтайын дегенім, енді мен сахнаға ораламын. Өзіме, шығармашылығыма келетін форматта ән айтсам деймін. Мүмкін, ұзату тойларда, мүмкін, мемлекеттік концерттерде ән айтуды жалғастырамын. Сөз соңында менің айтар өтінішім бар. Ешкімге асығыс шешім шығармаңыздар, ешкімді тым қатты сынамаңыздар», – деді әнші.
Айта кетейік, Айдана Меденова «KeshYOU» тобында 2012 жылдан бастап 2015 жылға дейін өнер көрсетті. Кейін әнші сахнадан жырақтап, дін жолына бет бұрған еді.
Осыған дейін «KeshYOU» тобында Айданамен бірге өнер көрсеткен Жанар Дұғалова да сахнаға оралуы мүмкін екенін жазғанбыз. Ол жақында қазақстандық продюсер Бағым Мұхитденованың концертінде өнер көрсеткен.