
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Ойыл ауылында 14 жастағы оқушы қыздың босануына қатысты жағдайға пікір білдірді. Аймақ басшысы мұндай жайтқа жол берген жауапты тұлғаларға сөгіс жариялап, кейбірін қызметінен босатқан.
«Жүйелі түрде жұмыс ұйымдастырылды. Аталған оқиға анықталғаннан кейін комиссия құрылып, жан-жақты неліктен деген сұрақтарға жауап іздедік. Өзіміз де тергеу жүргіздік. Бірнеше қызметкерді жұмыстан босаттық. Аудандық білім бөлімінен бастап, осыған қатысты барлық қызметкерлерге шара қолдандық», – деді облыс әкімі.
Кімдерге қатысты шара қолданылды
Ойыл ауданында орын алған келеңсіз әрі ауыр жағдайдан соң, облыс басшысы ауданның жауапты тұлғаларына нақты шаралар қабылдаған. Атап айтқанда:
- Ойыл ауданының әкімі мен оның орынбасарына, білім, денсаулық сақтау басқармаларының басшыларына қатаң сөгіс жарияланған;
- Аудандық білім бөлімінің басшысы қызметінен босатылған;
- Аудандық аурухананың бас дәрігері мен мектеп директорын қызметтен босату жөнінде жұмыстар жүргізілуде.
Әкім жауаптыларды жұмыстан шығарумен мәселе шешілмейтінін де мойындап отыр.
«Сол себепті психолог мамандар отыратын арнайы «Жан ахуал» деген орталық аштық. Оған қаржы бөлдік. Баланың болашағына қатысты айтар болсақ, қазір бала басқа жерге ауыстырылды. Аталған факт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде«, – деп түсіндірді Шахаров.
Еске салайық Ойыл ауылында 14 жастағы оқушы қыз босанған. Ол алпыстан асқан өгей нағашы атасынан жүкті болып қалған.