Оқушылар арасында тұмау өршіп тұр

Соңғы аптада Қазақстанда 183 мың адам ЖРВИ-мен ауырған. Былтырғы эпидемиялық маусыммен салыстырғанда, аурушаңдық 16% артқан. Бұл жайлы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтты.
Биыл тұмаудың айналымы 41 аптада, яғни қазан айының бірінші жартысында, өткен эпидемиологиялық маусымнан сәл ертерек анықталды. Бұрын Қазақстан аумағында айналымда болмаған тұмаудың жаңа түрлері анықталған жоқ. ЖРВИ және тұмау белгілері бар пациенттер тұмауға қарсы емес вирустарға да тексеріледі. Республика бойынша риновирус, парагрипп, аденовирус, бокавирус, коронавирус, РС вирусы, метапневмовирустердің айналымда жүргені байқалады. ЖРВИ-дің 66%-ы 14 жасқа дейінгі балалар арасында таралған», – деді ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада республикада 6 мың оқушы ЖРВИ-мен ауырған.
Ал эпидемиологиялық маусым (1 қыркүйектен бері) басталғалы 1 млн 461 мың адам ЖРВИ-мен ауырған. Соның ішінде 66%-ы 14 жасқа дейінгі балалар.
Министрдің сөзінше, қазір елде вирусқа қарсы және қызу түсіретін препараттардың, дезинфекциялық құралдардың жеткілікті қоры бар.
Вирус өршіген уақытта Астанада 48 мыңнан аса бала тұмаумен ауырды. Науқастар арасында тек ЖРВИ ғана емес, Covid-19, Гонконг тұмауын жұқтырғандар да бар. Ескерту керек, гонконг тұмауы балалар мен жүкті әйелдер үшін ерекше қауіпті деп дабыл қағады дәрігерлер.
Бас санитар дәрігер Сархат Бейсенованың сөзінше, оқушылар арасында аурушаңдық 30%-дан асып кетсе ғана мектеп онлайн форматқа ауысады.