Премьер Олжас Бектенов жаңа халықаралық банк құруды ұсынды

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Мәскеуге барып, Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің үкімет басшыларының отырысына қатысты. Сол жиында ШЫҰ Даму банкін құруды ұсынды.
Бектенов ШЫҰ Даму банкін өнеркәсіп кооперациясы шеңберінде құруды және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетігін енгізуді ұсынды. Жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға болады.
Одан бөлек жиында көлік-транзиттік ынтымақтастықты дамыту жайлы айтты. Қазір Қазақстан Еуразияның негізгі хабтарының бірі ретінде теміржол, автожол, авиация және порт инфрақұрылымын жаңғырту арқылы транзиттік қуатын арттырып жатыр. Еліміздің үстімен 5 теміржол дәлізі өтеді. Жалпы, соңғы 5 жылда Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 2 есеге жуық артып, өткен жылдың қорытындысы бойынша 27,5 млн тоннаға жеткен.
ШЫҰ елдерінің жаһандық экономикаға қосқан үлесі де көбейіп, 30%-дан асты. Қазақстанның ШЫҰ-ға мүше мемлекеттермен тауар айналымы өткен жылдың өзінде $67 млрд-тан асты.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тяньцзинь саммитінде ШЫҰ-ның еркін және әділ халықаралық сауданы дамытуға бағытталған іс жүзіндегі қадамдарын қолдады. Бүгінгі таңда ШЫҰ елдері жаһандық ЖІӨ-нің үштен бірін қамтамасыз етіп отыр, біздің өзара ішкі саудамыз $1 трлн-ға жуық. Елеулі экономикалық әлеуетке ие ұйым тең серіктестік негізінде жан-жақты экономикалық өсуге ұмтылады. Бұл тұрғыда болжамды сауданы ынталандыру үшін қолда бар ресурстарды дамыта отырып, прагматикалық тұрғыда пайдалану маңызды», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысқан еді. Ол ШЫҰ-ның су мәселелерін зерттеу орталығын ашуды ұсынған. Сондай-ақ ұйымға мүше елдерді Ауғанстанға гуманитарлық, техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға шақырды.