Жаңалықтар

Қазақстан жастар құрамасы алғаш рет Еуропаның элиталық кезеңіне жолдама алды

фото: ҚФФ

Қазақстанның U-19 жасөспірімдер құрамасы Еуро-2026 іріктеуіндегі шешуші ойында Кипрмен тең ойнап, өз тарихындағы ең ірі жетістіктердің біріне қол жеткізді.

Кирилл Кекер жаттықтыратын құрама «B» дивизионының 1-тобын екінші орынмен аяқтап, алғаш рет элиталық кезеңге өтті. Енді жасөспірімдер 2026 жылдың көктемінде Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама үшін таласады.

Кипрмен ойында қақпаны қорғаған «Қайраттың» жұлдызды қақпашысы Шерхан Қалмырза матчтан кейін барша қазақ жанкүйерлерін құттықтады

«Алдымен барша жанкүйерлерді құттықтаймын. Матч өте тартысты, қиын болды. Алайда, алдымызға қойған мақсатқа жеттік. Намысты қолдан бермедік», – деді Шерхан.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан U-17 жастар құрамасы да дәл осындай жетістікке жетіп, Еуропаның элиталық кезеңіне жолдама алды.

Ал күні кеше, 18 қараша күні Қазақстанның негізгі құрамасы жолдастық кездесуде Фарер аралдарына қарсы ойында есе жіберді.