Жаңалықтар

«Қылмыстық құрам жоқ»: Бозымбаев 12 адам қаза тапқан өрт жайлы

Фото: kursiv.media архиві

Премьер-Министр орынбасары Қанат Бозымбаев Алғабас ауылындағы жеке тұрғын үйде шыққан өрт оқиғасында қылмыстық құрам жоқ екенін мәлімдеді.

«Кеше сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде өрт шықты. Екі қабатты үй толығымен өртке оранды, шатырдың ішінара құлауы болды. ТЖМ күштері мен құралдары дереу жіберілді (20 қызметкер және 5 бірлік техника), өрт сағат 07.22-де жойылды. Өкінішке орай, өрт орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы балалар. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының реанимациясында», – деді Бозымбаев Үкімет отырысында.

Вице-премьер оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің себебі анықталып жатқанын айтады. Сондай-ақ ол әзірге қылмыстық құрам жоқ екенін атап өтті. Қазіргі уақытта «өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша кеше мен Үкіметтік комиссияның отырысын өткіздім, жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірқатар тапсырмалар бердім«, – деді вице-премьер .

Вице-премьер әкімдікке және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қаза тапқандардың отбасыларына қажетті материалдық көмекті толық көлемде көрсетуді тапсырды.

Еске салайық, 18 қараша, таңертең Түркістан облысындағы Алғабас ауылында өрттен 12 адам қаза тапты. Ішінде тоғыз бала бар. Кейінірек өрттен қайтыс болғандардың аты-жөні жарияланды