
19 қарашада Қазақстан қор биржасында (KASE) доллар тағы 1,47 теңгеге арзандады. Күндізгі сауда нәтижесінде бағам 519,41 теңге болды.
Ұлттық валюта қыркүйектің аяғынан бері үздіксіз нығайып келе жатыр. Мәселен, 30 қыркүйекте 1 доллар шамамен 549 теңге тұрды. Екі айға жетер-жетпес уақыт ішінде доллардың теңгеге шаққандағы бағамы шамамен 30 теңгеге түсті.
Екінші деңгейлі банктер долларды 519 теңгеден төмен бағаға сатып жатыр.
Kurs.kz мәліметінше, елдегі валюта айырбастайтын мекемелерде 1 АҚШ доллары 520 теңге көлемінде саудаланады. Алматы қаласындағы айырбас пунктерінде доллар 519,5 теңгеден қабылданып, 521 теңгеден сатылады. Астандағы мекемелерде, әдеттегідей, бағам сәл жоғарырақ – 518 және 525 теңге.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов үкіметтің 19 қарашадағы жиналысында теңге құнын ұстап тұру үшін интервенция жасауға әзір екенін мәлімдеген.
«Ақша-кредит саясаты инфляцияны төмендету мен тұрақтандыруға, сонымен бірге теңгеге деген сенімді нығайтуға бағытталады», – деп мәлімдеген ҰБ басшысы.