Exxon Лукойлдың Қарашығанақ пен Теңіздегі үлесін сатып алғысы келеді

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Exxon Mobile америкалық мұнай компаниясы
фото: shutterstock

Америкалық Exxon Mobil мұнай компаниясы санкцияға іліккен «Лукойлдың» Қазақстандағы активтерін сатып алғысы келеді. Бұл туралы Reuters дереккөздер мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Агенттік дереккөздері мұнай гигантының нақты қай активтерге қызығып отырғанын айтпады. Бірақ басылым Exxon-ның да, «Лукойлдың» да Қазақстанда Қарашығанақ және Теңіз кен орындарында үлесі бар екенін атап өтті.

Осы екеуінің аталған кен орындарын игерудегі серіктесі – тағы бір америкалық Chevron компаниясы да Қазақстанның батысындағы мұнай активін ұлғайту жолдарын қарастырып жатыр, деп жазды Reuters.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 15 қазанда Ұлыбритания, ал 23 қазанда АҚШ Ресейдің «Лукойл» және «Роснефть» компанияларына санкция салған. Артынша «Лукойл» шетелдегі мұнай активтерін сататыны мәлім болған.

«Лукойл» сайтындағы мәліметке қарағанда, мұнай компаниясы Қазақстандағы бірнеше жобаға қатысады. Олардың арасында Қарашығанақ пен Теңіз ірі мұнай кен орындары бар. Бұған қоса, ресейлік компанияның қазақ мұнайының 80%-ы айдалатын Каспий құбыр желісі консорциумында 12,5% үлесі бар.

Батыс Қазақстандағы Қарашығанақ кен орнын игеруге Лукойл 1997 жылы қосылған. Дәл сол жылы ол Атыраудағы Теңіз жобасына да кірген.

Америкалық қос гигант әрі бәсекелес компаниялар – Exxon мен Chevron да Қарашығанақ пен Теңіз кен орындарда мұнай игереді. Ондағы тағы бір үлескер – «ҚазМұнайГаз» кеше ғана «Лукойл» активтерін сатып алатынын жоққа шығарған.

Сондай-ақ оқыңыз