
Біздің дәуірімізге дейінгі 1600 жылдары тіршілік еткен Жетіжар қаласы Қазақстанның солтүстік-шығысында орналасқан. Оның аумағы 140 гектар жерді алып жатыр. Ежелгі қоныс туралы ғылыми мақала Кэмбридж университетінің сайтында жарияланды.
Жетіжар қонысы Абай облысы Бесқарағай ауданының аумағында, Павлодар қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 180 км жерде орналасқан. Мұнда алдын ала зерттеулер 2000-жылдары жүргізілген. Сол кезде оның аумағы 40 га болуы мүмкін деген болжам жасалған. Енді ғалымдар оның көлемін 140 га деп топшылап отыр.
Ғалымдар қала орнынан кейінгі қола дәуірінің қыштан жасалған бұйымдарын тапқан. Соған қарағанда, қоныстың қола дәуірінің Шеркескөл (б.з.д. 1600-1250 ж.ж.) және Андронов-Сарықара (б.з.д. 1500-1100 ж.ж.) мәдениеттеріне қатысы бар. Өйткені мұнда қола бұйымдар да көптеп табылған.

Қоныс тұрғындары егін салып, мал баққан, аңшылық пен терімшілікпен, балық шаруашылығымен де айналысқан.
2018 жылы ағылшын мен қазақ ғалымдары Жетіжарда геофизикалық зерттеу жүргізе бастады. Сол кезде табылған заттар қоныстың ірі металлургия орталығы болғанын аңғартады. Жәдігерлер жартылай көшпелі халықтарда ұйымдасқан металлургия болмады деген тұжырымды жоққа шығарады.
Жетітар – далалы өңірде қалайы қола өндірілген алғашқы ірі орталық. Қаланың сәулетін бағалау үшін мұнда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу қажет, деп есептейді ғалымдар.