
Қазақстандағы ең ірі банк – Halyk Bank акцияларының бір бөлігін халықаралық және отандық инвесторларға сатуға шығарады. Мәлімет Халық банкінің сайтында жарияланды.
Құнды қағаздарды Halyk Bank-тің өзі емес, банктің ірі акционері – ALMEX Holding Group сатады. Кем дегенде 12 млн жаһандық депозитарлық қолхат (ЖДҚ) AIX пен KASE, сонымен бірге Лондон қор биржасында сатылады.
«Банк ұсыныстан ешқандай түсім алмайды», – деп жазылған Қазақстан қор биржасында (KASE) да жарияланған мәліметте.
Әр ЖДҚ 40 акцияға тең екенін ескерсек, холдинг кемінде 480 млн қарапайым акцияны сатуды көздеп отыр. Бұл – банк шығарған акциялардың шамамен 4%-на тең.
KASE мәліметіне қарағанда, Халық банкінің қарапайым акцияларының 69,48%-ына «АЛМЭКС» холдинг тобы иелік етеді. Холдинг Тимур мен Динара Құлыбаевтарға тиесілі. Құнды қағаздарды сату сәтті жүзеге асса, бай отбасының дәулеті шамамен 200-300 млн долларға артуы мүмкін.
Forbes Kazakhstan Динараның да, Тимурдың да дәулетін 5,6 млрд доллар деп бағалады. Ерлі-зайыпты Құлыбаевтар дәулеттілер рейтингінде бесінші орынды бөлісіп тұр.
Халық банкі 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында шамамен 810 млрд теңге таза пайда тапты. Оның алдында Қазақстандағы ең ірі банктің Құлыбаевтарға 2024 жылғы табыстан шамамен 223 млрд теңге дивиденд төлейтіні мәлім болған.