
Үкімет 2026 жылғы бірінші тоқсанның аяғына дейін коммуналды тарифтерді өсіруді тоқтатады. Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осылай айтты.
Вице-премьер үкіметтің 19 қарашадағы отырысында халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі үш жылдық бағдарламасы туралы баяндама жасады. Онда коммуналды тарифтер туралы да сөз болды.
«2026 жылғы бірінші тоқсанның аяғына дейін барлық тұтынушы топтары үшін коммуналды тарифтердің өсуі тоқтатылды», – деді Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, тарифтерді көтеруге мораторий жарияланған уақытта табиғи монополия субъектілерін кешенді тексеру жүргізіледі.
Дегенмен мұндай мораторий көпке созылмайтыны мәлім болып отыр.
«2026 жылғы екінші тоқсаннан бастап тарифтерді көтеру инфляцияны ескере отырып жүзеге асырылады», – дейді вице-премьер.
Бұған дейін Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қазақстандағы коммуналды қызметтер құны Еуропа елдерінен әлдеқайда арзан деп мәлімдеген. Оның алдында Жұманғарин үкімет реформаларының уақытша тоқтатылғанын «әлеуметтік толқу қаупімен» түсіндірген.