
Мәжілістің жалпы отырысында «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Асхат Аймағамбетов қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасына енгізілген өзгерістер туралы баяндады.
Депутаттың айтуынша, заң жобасында тек еңбек қауіпсіздігі ғана емес, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ететін маңызды нормалар қарастырылған.
«Атап айтқанда, біз бұл заң арқылы әкелердің де құқығын қорғап отырмыз. Қазіргі қолданыстағы жүйеде, егер жұмыссыз ана үш жасқа дейінгі бала күтімімен үйде отырса, бұл кезең оның еңбек өтіліне есептеледі. Алайда дәл осы құқық әкелерге берілмеген. Біз бұл теңсіздікті жоюды ұсынамыз», – деді Асхат Аймағамбетов.
Заң қабылданған жағдайда, егер бала күтіміне әке шықса, бұл кезең оның да еңбек өтіліне қосылады. Бұл тек әлеуметтік әділеттілік қана емес, сонымен қатар қоғамдағы отбасылық рөлдер мен ата-аналық жауапкершіліктің теңдігін қалыптастыруға бағытталған қадам ретінде бағаланады.
«Бұл – тек заңдық түзету емес. Бұл – әділдікке деген үлкен қадам», – деді депутат қорытынды сөзінде.
Мәжіліс қазір қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылап жатыр.
Айта кетейік, әкелер де декретке шыға алады. Ол үшін не істеу керектігін Kursiv.Media жазған едік.