Серік Жұманғарин: «Бәйтерек» холдингінің рөлі күшейе түседі

Қазақстанның экономикалық өсуін жеделдету және инвестиция тарту қажеттілігі аясында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің рөлі түбегейлі күшейеді. Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндамасында осылай деп мәлімдеді.
Ведомство басшысы енді холдинг қызметі бөлуден стратегиялық инвестициялық қызметке көшетінін, елдің негізгі инвестициялық холдингіне айналғанын айтты.
«Холдингтің бөлу қызметінен стратегиялық инвестициялық қызметіне көшу жоспарлануда. Бүгінде ол еліміздің Инвестициялық холдингіне айналды. Холдинг ұлттық экономика үшін барынша мультипликативтік әсерді қамтамасыз ететін 15-20 жүйе құраушы жобаны іске асыруға шоғырланады», – деді ол.
Бұл жобалардың ішінде тау-металлургиялық кешеніне, машина жасауға, энергетикаға, инфрақұрылымға, туризмге, агроөнеркәсіптік кешенге, тамақ өнеркәсібіне, химия, мұнай-газ химиясына, агрохимияға, құрылыс материалдарын өндіруге басымдық беріледі.
Қаржыландыру үлесі төмендегідей болады:
- 42% – химия және мұнай-газ химиясы өнеркәсібі
- 19,6% – көлік және логистика саласы
- 12,1% – энергетика
- 7,1% – тау-металлургиялық кешен
- 6,4% – агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі
«Ол үшін Үкімет республикалық бюджет параметрлеріне сәйкес 2026 жылы «Бәйтерек» акционерлік қоғамының 1 трлн теңгеге дейінгі бюджет қаражатын бөлуді жалғастырады. Одан әрі қаржыландыруда екінші деңгейдегі банктердің қаражатын тарту басымдыққа ие болады», – деді Жұманғарин.
«Бәйтеректің» жыл соңына дейін инвестициялық холдингке айналатыны жайлы қазанда хабарланған. Осы арқылы 2029 жылға дейін ЖІӨ-ді екі есе көтермекші.
Ал келесі жылы бастап «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы іске қосылады. Оған 4,9 трлн теңге бөліп, 202 жобаны қаржыландырмақшы. Ол тікелей «Бәйтерек» холдингі арқылы жүзеге асырылады.