Жаңалықтар

Астана дәріханаларында «флувир», «флукап» дәрілері неге тапшы – ДСМ түсіндірді

Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Астана тұрғындары дәріханаларда қазір «флукап» пен «флувир» препараттары жоқ екенін айтып, жаппай шағымданып жатыр. Дәріханалар сұраныстың жоғары екеніне қарап, кассаның жанына «Флукап жоқ» деп жазып қойған. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов себебін түсіндірді.

Комитет басшысы қос препаратқа сұраныс жоғары болғандықтан, тез тауысылып қалып жатқанын айтады. Ал басқа вирусқа қарсы және температура түсіретін препараттардың қоры жеткілікті дәрежеде деп сендірді.

«Соңғы кездері флукап пен флувир препараттарына өте үлкен сұраныс туындауда. Сол себепті көптеген дәріханалармен келіссөздер жүргіздік, қосымша препараттарды алып келуде. Бізге түскен ақпарат бойынша бүгінгі күні «Зерде, Медсервис Плюс, Аманат» сияқты ірі дәріханалық желілерге осы дәрілік заттарды алып келді»,–  деді комитет басшысы.

Бауыржан Жүсіпов флукап, флувир дәрілерінің қорын ұлғайту үшін дистрибьютерге тапсырыс берілгенін айтты. Қазір 5 мыңға жуық қорап Астанаға келіп, дәріханаларға таратыла бастаған.

Халық жаппай сұрап жатқан флукап, флувир препаратын өндіруші ел –  Үндістан. Дегенмен отандық өндірушілер де бұл дәрілерді шығара бастаған.

Бағасы қымбаттап кетпей ме?

Комитет төрғасы дәрілік заттарға қатысты арнайы шекті баға белгіленгенін еске салды. Ал оны қымбатқа сатқан жағдайда тұтынушы жергілікті департаментке хабарласып, шағымдана алады.

Айта кетейік елдегі эпидахуал өршіп, жеті өңірдегі оқушылар онлайнға ауысты. Ол Астана қаласы, Шығыс Қазақстан, Абай, Жамбыл, Қостанай, Ақмола, Қарағанды облыстары. Жалпы республика бойынша 132 мектепте 1469 сынып қашықтан оқытылатын форматқа ауыстырылды.