Жаңалықтар

Ақтөбеде кәдесый кітап шығаруға 100 млн теңгеден аса ақша бөлінген. Әкім не дейді

Фото: ortcom_kz

Ақтөбе әкімдігі өңір туралы «Ақтөбе қаласының тарихы» атты үш тілдегі кәдесый кітап шығаруға екі жылда бюджеттен 100 млн теңгеден аса қаражат бөлген. Аймақ басшысы Асхат Шахаров бұл кітапқа неліктен осынша қаражат жұмсалғанын түсіндіріп берді.

Stan.kz ақпарат агенттігінің мәліметінше, қала әкімі Азамат Бекеттің қарамағындағы қызметкерлер бюджеттен 2023 жылы 1000 данаға 45 млн, келер жылында 2000 данаға 67 млн теңге ақша бөлген. Бір кітапты шығару құны – 45 мың теңге. Цифрлық жинақта Ақтөбенің тарихы мен адамдары туралы мәлімет бар. Қала өмірінің суреттері топтастырылған. Сондай-ақ кітапта Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Ералы Тоғжановтың да суреті жүр.

Kursiv.Media тілшісі Асхат Шахаровтан кітап үшін бұл соманың қаншалықты орынды екенін сұрап көрді.

«Көптеген азаматтар қаланың дамуына қатысып, еңбек етті. Атқарылған жұмыстар, тарих өте маңызды. Соның барлығын ескере отырып, қала әкімдігі шешім қабылдады. Барлығы заң аясында және екі реттік конкурс өткізілді. Егер ауытқушылық болса, тексерушілер баяғыда анықтаушы еді «, – деді Шахаров брифинг барысында.

Облыс басшысы болашақта кітап баспасына кететін қаржыны үнемдеуге тырысатынын айтып қалды.

«Болашақта үнемдеу мәселесін жан-жақты қарайтын боламыз. Осы мәселе айтылғандықтан, болашақта оған назар аударатын боламыз«, – деп түсіндірді облыс әкімі.

Брифинг барысында облыс әкімі Ойыл ауылында оқушы қыз өгей атасынан босанғаннан кейін, жауапты шенеуніктерді жазалағанын айтқан еді.