Lifestyle

«№37» фильмінің актерлері мен режиссері көрерменмен бірге кино тамашалайды

фото: instagram: Sham_films

Алматы қаласындағы Dostyk Plaza сауда орталығында орналасқан Cinemax кинотеатрында қазақстандық «№37» фильмінің актерлік құрамы мен режиссерімен кездесу және автограф-сессия өтеді. Шара 20 қараша күні 20:00-де басталады.

Кездесу барысында көрермендер актерлермен бірге кешкі екі сеансқа қатыса алады. Фильмнің атмосферасын бірге сезініп, шығармашылық топтан эксклюзивті ақпараттар естіп, қолтаңба алып, естелік суретке түсуге мүмкіндік болады.

Фильмде Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжіт, Зарина Кармен, Сағызбай Қарабалин, Тынышкүл Сұлтанбердиева және Дархан Сүлейменов ойнайды.

Ал картинаның режиссері бұған дейін актер және каскадер ретінде танылған Жандос Айбасов.

Freedom Ticketon мәліметінше, фильмнің 17:40 және 19:40 уақытындағы кешкі екі сеансына да барлық билет сатылып кетіп, аншлаг болған.

Айта кетейік, «№37» туындысы осы уақытқа дейін, Sham театрында қойылып келді. Енді кинотуынды ретінде көрерменге жол тартып отыр.