Lifestyle

Баян Алагөзова 1 миллион долларға дейін қарызға батып қалғанын айтты

Баян Алагөзова бірақ сәтсіз шыққан жобалардың кесірінен қарызға белшеден батқан / фото: Kursiv.Media мұрағаты
Баян Алагөзова сәтсіз шыққан жобалардың кесірінен қарызға белшеден батқан / фото: Kursiv.Media мұрағаты

Қазақстандық продюсер, актриса Баян Алагөзова 1 миллион долларға дейін қарызға батып қалғанын айтты.

Оның айтуынша, Баян Алагөзова өзі жақсы көрген, бірақ сәтсіз шыққан жобалардың кесірінен қарызға белшеден батқан.

«Өйткені олар жүрекпен жасалды. Не істесем де, өзімді ешқашан кінәламаймын. Өзімді ешқашан жеңілгендей сезінбеймін. Фильм жүрмей қалса да, топ шықпай қалса да, ән өтпесе де , екінші, оныншы, жиырмасыншы рет болсын, оған бәрібір its okay, бүгін болмаса ертең деп қараймын. Өзімe ешқашан жаман сөз айтпаймын», – деді Алагөзова Muzzone арнасына берген сұхбатында.

Ол сөз арасында «1 миллион доллар қарызы болғанын» еске түсірді.

«Мен бұған жай ойын сияқты қарадым. «Егер мен қазір банкке барып, 1 миллион долларды шешіп алып бере алмасам, өзімді неге қинауым керек? Бұдан не өзгереді?» дедім. Бұл мәселені дәл сол сәтте шеше алмайтынымды түсіндім», – деді продюсер.

Содан кейін Баян Алагөзова қарыз бергендерге барып, мән-жайды айтып түсіндіруге ұмтылған. Тағы да уақыт беруін сұраған.

«Сосын адамдарға барып: «Міне, менің қолым. Мен ешқашан ешкімді алдаған емеспін. Ондай адам бұл дүниеде жоқ. Мен қарызды әрқашан қайтарамын. Маған уақыт беріңіздер, мен қайтарамын. Ол қанша уақыт алатынын білмеймін. Қазір ондай ақша табатын дайын жобаларым жоқ», – дедім. Екі жылдың ішінде мен бұл қарызды қайтардым. Бірақ сол уақытта мен тыныш ұйықтадым. Тамақты да дұрыс ішіп, өмірге қуанып жүрдім», – деді продюсер.

Оның айтуынша, адам бар қиындықты қаншалықты жеңіл қабылдаса, ол соншалық тез шешілмек.

Айта кететін жайт, таяуда Баян Алагөзова «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанған еді.