«Ата-анасы сенбей отыр»: қорғаныс вице-министрі сарбаздардың қазасы туралы айтты

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Дархан Ахмедиев әскерде баласынан айырылған ата-аналардың арыз-шағымына қатысты пікір білдірді/фото: kursiv.media

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев әскерде баласынан айырылған ата-аналардың арыз-шағымына қатысты пікір білдірді.

Айтуынша, қорғаныс министрілігі тергеудің жүргізілуіне толық көмектесіп жатыр.

«Әскери қызметшілер прокуратура қызметкерлерімен бірігіп, барлық керек ақпаратты беріп жатыр. (…) Сегіз отбасы келген. 2022 жылы үш-төрт отбасы баласын жоғалтқан, 2023 жылы болған оқиғалар бар. Мысалы, 2022 жылы Щучинскіде азамат өзіне оқ атып, мүгедек болып қалды. ((Ұлан Мұсаев Ақмола облысы Щучинск қаласындағы әскери колледжге оқуға түскен. Оқ тиіп, Ұлан мүгедек болып қалған – ред.)

Дәл сол жылы ұлттық ұланда оқу-жаттығу кезінде сарбаз қаза тапқан. Ата-анасы тергеу нәтижесіне сенбей, қайта тергелгенін сұрап отыр. Оған дейін де бірнеше рет тергелген. Ата-аналарға сабырмен қарап, ол кісілерді түсінуіміз керек. Мемлекет оларға моральдық және материалдық жағынан көмектесіп жатыр», – дейді Дархан Ахмедиев.

Сөзінше, бұған дейін министрлік, прокуратура мамандары баласынан айырылған ата-аналармен кездескен.

«Суицидтің әскердегі өмірге қатысы жоқ. Бәрі әскерге дейінгі өміріне байланысты. Бірі ата-анасымен тіл табыса алмайды, енді бірінде жауапсыз махаббат болған. Әскерде «дедовщина» жоқ. Әскердегі қызметтен тыс әрекеттер бар. Бұдан құтыла алмаймыз. Бір нәрсені бөлісе алмай қалуы мүмкін, жанжал төбелеске ұласып кетуі мүмкін… Әскери полиция таңертең және кешке тексеріс жүргізеді», – дейді ол.

Ата-аналар Астанаға келді

10 қарашада Астанада әскерде қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің ата-анасы жиналды. Олар ел басшылығына әскери қызмет жүйесін реформалауды және сарбаздардың қауіпсіздігін арттыруды талап етті. 

Астанаға келгендердің арасында басына екі оқ тиіп қайтыс болған сарбаз Қайсар Сұлтановтың анасы Сәуле Тілеубергенова да бар. 21 жастағы Қайсар Сұлтанов 2023 жылдың 9 қазанында Астанадағы Ұлттық ұланның №6636 әскери бөлімінде қаза тапқан. Сол уақытта әскерге қабылданғанына үш ай болған. Ресми ақпарат бойынша, сарбаз өзіне қол жұмсаған. Ал анасы Қайсардың басына екі оқ тигенін айтып, ұлы кісі қолынан қаза тапқанына сенімді.

Марқұм Қайсар Сұлтанов/фото: kursiv.media

Айна Есбергенова ұлын әскерде әлдекімдер ұрып соққанын, ұлы сол соққыдан қайтыс болғанын айтады. Әйел Астанаға Атыраудан келген. 2023 жылы 27 қарашада өз еркімен отан алдындағы борышын өтеуге кеткен ұлы жайлы суыт хабар 2024 жылы 9 сәуірде келген.

«Балам жүрек ауруынан қайтыс болды деген хабар келді. Өзім бардым. Баламды киіндіріп қойған. Үстінде сау жері жоқ. Үйіме алып келдім, жерледік. Жерлеген соң баламмен бірге әскерде болған достары келіп, баламды ұрып өлтіргенін айтты. Балам далада 20 минут жатқан, ол кезде тірі болған. Ешқандай көмек көрсетілмеген. Балам сол жерде көз жұмған. Баламды ұрып өлтірген адамдар заң жүзінде жазасын алуын талап етемін», – дейді Айна Есбергенова.

Президент тапсырмасы

Аналар жиынынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокурорға әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарынан түскен арыз-шағымды 12 күн ішінде қарастырып, істі тергеу барысында заңның сақталуына баға беруді тапсырды.

Бас прокурор Берік Асылов Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратура басшылығы қаза тапқан және жарақат алған әскери қызметшілердің аналарын қабылдайтынын жазды.

Сондай-ақ оқыңыз