Жаңалықтар

Елде бір миллион адам әскери комиссариатқа барудан босатылды

Әскерге шақыру туралы хабарлама SMS арқылы жіберіледі/фото: kursiv.media

Елде 17 мен 63 жас аралығындағы ер-азаматтарға қатысты деректер бір жүйеге жинақталды. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев айтты.

Айтуынша, «Smart военкомат» жобасы әскерге шақыру туралы хабарлама жіберу жұмыстарын да жеңілдеткен. Қазір хабарлама SMS арқылы жіберіледі.

«Жүйенің арқасында миллионға жуық азамат әскери комиссариатқа келуден босатылды. Яғни біз оларды шақырмаймыз, себебі нақты келуге тиіс адамдармен жұмыс істейміз. Бұдан бөлек, жұмысқа орналасқанда, тұрғылықты мекенжайын өзгерткенде бұрын келіп, қайта тіркелуі қажет еді. Қазір мұндай жоқ», – дейді Дархан Ахмедиев.

«Smart военкомат» жобасын таныстырған қорғаныс министрлігі мамандарының сөзінше, 2026 жылдың қаңтарынан бастап мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер МӘМС-ке жарна төлеуден автоматты түрде босатылады.

«Жаңа жылдан бастап әскери қызметтің барлық кезеңінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеуден босату үшін сарбаздардың ЖСН-і денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне беріледі», – дейді мамандар.

Айта кетейік, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің қаржы ұйымдарына 9 миллиард теңге қарызы бар.