Жаңалықтар

Хасан Қасымбаевтың үстінен тағы да үш бірдей іс қозғалуы мүмкін

Хасан Қасымбаевқа «бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру», «сотты сыйламау», «бұзақылық» айыптары тағылуы ықтимал / фото: KursivMedia мұрағаты
Хасан Қасымбаевқа «бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру», «сотты сыйламау», «бұзақылық» айыптары тағылуы ықтимал / фото: KursivMedia мұрағаты

Полиция үкім алдында айыпталушылар кабинасындағы әйнекті сындырған Хасан Қасымбаевтың әрекетін тексеріп жатыр.

Tengrinews.kz дерегінше, Алматы облыстық полиция департаменті факті аудандық полиция бөлімінде тіркелгенін хабарлаған.

«Барлық қажетті процессуалдық тексерулер жүргізіліп жатыр. Аяқталғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданады», – делінген жауапта.

Бұған дейін Алматы облыстық соты әкімшілігі сот залы «тиісті жағдайға келтірілгенін», сынған пластик терезені Хасан Қасымбаевтың туысы қайта қалпына келтіргенін хабарлаған.

Адвокат Абзал Қасымжанов сот мүлкін бүлдіргені үшін Қасымбаевқа қандай салдар туындауы мүмкін екенін түсіндірді.

Оның айтуынша, заң Хасан Қасымбаевтың әрекетін төмендегідей баптар бойынша қарастыруы мүмкін:

  • ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы – «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру»;
  • 410-бап – «Сотты сыйламау»;
  • 293-бап – «Бұзақылық».

«Заңнама бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіргені үшін тікелей қылмыстық жауапкершiлік қарастырады. Мәселен, Қылмыстық кодекс аталған құқықбұзушылық үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», – дейді адвокат.

Абзал Қасымжановтың айтуынша, Қасымбаев сотты сыйламағаны үшін де жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл бап бойынша:

  • 160 АЕК-ке дейін айыппұл (2025 жылы – 629 120 теңге);
  • дәл сол мөлшерде түзету жұмыстары;
  • 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар;
  • 40 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған.

Бұдан бөлек, Қасымбаевтың әрекеті бұзақылық ретінде бағалануы мүмкін.

«Яғни қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу, қоғамға ашық түрде құрметсіздік көрсету, бөтеннің мүлкін жою немесе бүлдірумен қатар жүру. Қылмыстық кодекс бұл үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді», – деді адвокат.

Айта кететін жайт, 11 қарашада үкім оқылатын күні Хасан Қасымбаев айыпталушылар кабинасындағы пластик әйнекті сындырған. Ол журналистердің сот залында болуына осылай наразылық білдірді.

Хасан Қасымбаевтың есімі жасөспірім Шерзат Полаттың қазасынан кейін атала бастады. Талғардағы қылмыстың «Хуторлықтар» ұйымдасқан қылмыстық тобымен байланысы бары айтылды.

Қасымбаев Қылмыстық кодекстің адам ұрлау, қасақана ауыр дене жарақатын келтіру, қорқытып алу әрекетін жасады деген айыптар кінәлі деп танылып, 12 жылға сотталған.