
2028 жылға қарай өңірлердің республикалық бюджетке тәуелділігі 50%-дан 33%-ға дейін төмендейді. Бұл туралы Сенат отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, өңірлердің республикалық бюджетке тәуелділігі қазіргі 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді. Бұл – трансферттер жүйесін қайта теңгеру және жергілікті кірістерді ұлғайту есебінен мүмкін болып отыр.
«2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор болады. Біздің бағалауымызша, жергілікті бюджеттердің республикалық бюджет қаражатына тәуелділігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді», – дейді вице-премьер.
Жұманғариннің сөзінше, өңірлердің базалық инфрақұрылымға тең қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін даму бюджеті бойынша өңірлердің нысаналы көрсеткіштерінің мәндерін есептеу Өңірлік стандарттар жүйесінің нәтижелері ескеріліп жүзеге асырылатын болады.
Айта кетейік, Мәжіліс 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті қабылдады. Жаңа Бюджет кодексінің талаптарына сәйкес әзірленген құжат Сенатқа жолданған. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2026 – 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Заңы қаралып жатыр.