
Ақын Бақыт Беделхан журналист Қанат Тілеуханға берген сұхбатында әйел проблемасы, отбасы құндылығы тақырыбына «жыны» келетінін айтты.
«Эфирде, желіде, тиктокта қатын құтырған заман болып тұр ғой. Ал соны кім құтыртты? Психологтар! Олар қазір «еркектің күңі емессің, енең мен атаң саған ешкім емес, сен өмірге бір-ақ рет келесің, ойың мен жаның қалай қалайды – солай өмір сүр» деген ақылмен психологтар бұзып жатыр. Ал қазақтың дәстүрлі, бұрыннан келе жатқан қасиетті қара шаңырағын ұстап тұрған әйелдер өздері мына заманда әрең жүргенде «шынжырынан босаған ит сияқты» бәрі гу ете қалды. Соның кесір-кесапаты тиіп жатыр», – дейді ол.
Бақыт Беделхан психологтар әйелдерге «мен» деген эгоны екті деп есептейді.
«Оның үстіне біздің билікке рақат! Отбасылық заң шығарып, соған жағдай жасап берді. Әйелге ұрысқан, ұрған адам жауапқа тартылады. Оларды одан сайын құтыртты. Бұл – қазақ отбасын саналы түрде қолдан ойрандау. Бұл отансүйгіштіктен айыру, бірліктің тамырына балта шабу», – дейді Беделхан.
Ақын әйел проблемасы, отбасы құндылығы тақырыбына «жыны» келетінін айтты.
«Желіні қарап отырып, «Мөлдір шығып қалмаса екен», «Бадықова шығып қалмаса екен» деп отырамын. Ал ол қарапайым халық үшін анау шайтан қоздыратын әңгімеге дәнек, жем», – дейді Бақыт Беделхан.
Ақынның бұл пікірімен келіспеген журналист Асылхан Мамашұлы «шынжырынан босаған ит дегені – қазақ қызы ғой. Оның ішінде сіз бен біздің апа, қарындас, қызымыз бар деген еді. «Ақын құтырған заман» деп Бақыт Беделханның өзін сынады.