Қазақстандықтардың жұмыстан ертерек шығуға құқығы бар – Еңбек министрлігі

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Көп жағдайда жұмыс берушілер заңда көзделгеніне қарамастан, қысқартылған жұмыс уақытын бермейді / фото: Kursiv.Media мұрағаты
Көп жағдайда жұмыс берушілер заңда көзделгеніне қарамастан, қысқартылған жұмыс уақытын бермейді / фото: Kursiv.Media мұрағаты

Мәжіліс отырысында депутат Қарақат Әбден жас балалары бар ата-аналардың жұмыс жағдайы мәселесін көтерді.

Оның сөзінше, жұмыс берушілер заңда көзделгеніне қарамастан, кішкентай баласы бар әйелдерге қысқартылған жұмыс уақытын бермейді.

«Қысқартылған жұмыс уақытын сұраған көптеген аналардың айтуы бойынша еңбек шартында бұл мәселе келісілмейді. Осыған орай келесі сұрағым бар. Қолданыстағы еңбек заңнамасы жұмыс берушіні баласы бар ата-ананы қысқартылған жұмыс уақытын беруге міндеттей ме? Еңбек нарығында осындай ата-аналарды қорғау мақсатында мұндай жағдайлардың алдын алу үшін министрлік қандай іс-шаралар жүргізуде?», – деп сұрады депутат еңбек вице-министрінен.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев жұмыс уақытының режимі екі тараптың өзара келісімі бойынша өзгертілуі мүмкін екенін айтты.

«Мысалы, жұмыс күні таңғы сегізде басталып, бесте аяқталуы мүмкін. Тоғыздан бастап, беске дейін жұмыс істейтін болса, сенбі күні түске дейін істейтіндей екі жақты келісіммен дұрыстауға», – деп мысал келтірді ол.

Егер жұмыс беруші келісуден бас тартса, жұмыскер мемлекеттік еңбек инспекциясына шағым түсіруге құқылы. Онда өтініш қаралып, қажетті көмек көрсетіледі.

Айта кететін жайт, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2030 жылға қарай Қазақстанда мүгедектігі бар адам саны миллионға жетуі мүмкін екенін болжаған.

Сондай-ақ оқыңыз