Жаңалықтар

ШҚО-дағы жобаларға Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовтің қатысы бар ма

ШҚО көпір
ШҚО жобаларына Талғат Ахметов қатысы бар ма / фото: primeminister.kz

Бүгін Астанада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жылдық есебін баяндап, журналистер сұрағына жауап берді. Тілшілердің бірі ШҚО-ның экс-әкімі Даниал Ахметовтің ұлы жайлы сауал қойды.

«Оның бірнеше жобаларға қатысы бар дейді. Нақты айтқанда ең ұзын көпір құрылысына, одан бөлек оның компаниясында Даниал Ахметовтің әпкесінің күйеуі гидростанса құрылысына қатысы бар деген ақпарат шықты. Талғат Ахметов қатысқан барлық жобаларды және оның сомасын айта аласыз ба?», – деді журналист.

Бірақ бұл сұраққа әкім мардымды жауап бере алмады.

«Мен оның қазіргі құрылысқа қатысы барын білмеймін. Жаңа сіздің алдыңыздағы журналист сұрады, ол жерде басқа мердігер бар», – деп жауап берді өңір басшысы.

Әкім Талғат Ахметовтің басқа қандай жобаларға қатысы бар екенін білмейтінін және онымен жақын араласпайтынын айтты.

Журналистер сұраған көпір жобасы жайлы бұған дейін жазған едік. Ол Бұқтырма су қоймасы арқылы өтеді және  ұзындығы – 1316 метр. Оның құрылысына жауапты «ОблШығысЖол» компаниясы басшылығында депутаттардың да қатысы бар.

Брифингте ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов мемлекет меншігіне өткен «Рахман қайнары» жайлы, бұрынғы уақыт белдеуі туралы сұрақтарға жауап берген.