Дәрігер кеңесі: бала гонконг тұмауын (H3N2) жұқтырған жағдайда не істеу керек

Жарияланды 20 Қараша 2025 17:08

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
тұмау ауру бала грипп гонконг вирус
фото: shutterstock

Күз-қыс маусымындағы салқын тигізіп алу мен жұқпалы вирус қоздыратын тұмауды қалай ажыратуға болады? Балаңыз гонконг штамымен тұмауратып қалса не істеу керек? Осы және өзге де сауалдарға медицина ғылымының докторы, профессор Динагүл Баешева жауап берді.

Гонконг тұмауы және басқа да вирустар

Қазір Қазақстанда тұмаудың гонконг штамы (H3N2) ғана емес, басқа да 200-ге жуық респираторлы вирус тарап жатыр. Маман пікірінше, ата-ананың ең басты міндеті – босқа даурықпай, ауруды дұрыс бағалап, баланың жағдайын ауырлатпай, тез жазылуына жағдай жасау.

Қарапайым тұмауды қатерлі вирустан қалай ажыратамыз

  • Жай ғана тұмау болса, баланың бірден мұрны бітеледі, жөтеліп, тамағы ауырады, ыстығы 37,5–38,5 °C шамасында көтеріледі, бірақ бала белсенді, ойнағысы келеді.
  • Гонконг тұмауы (H3N2): кенеттен басталады – температура 39–40 °C, бас ауыруы (шақпақ, көздің айналасы), бұлшықет пен буын ауыруы, әлсіздік. 1–2 күннен кейін мұрын ағу және жөтел қосылады.

Дәрігер шақыру керек пе

Әсіресе, 5 жасқа дейінгі бала қатты ауырып қалса, дереу жедел жәрдем шақыртыңыз. Шұғыл медициналық көмекке жүгінуге себеп:

  • бала ештеңе ішпейді, тамақ ішпейді;
  • ентігуі күшейеді (дем алуы жиі, қиындайды);
  • қылығы өзгереді – өте әлжуаз немесе жылай береді;
  • ыстығы дәрі қабыдаған 3–4 сағаттан кейін де түспейді;
  • құсады, басы қатты ауырады.

Үйде емделу шарттары

Егер науқаста жоғарыда аталған сиптомдар байқалмаса, оны үйде де емдеуге болады. Профессор үйде ем алудың негізгі 4 қағидасын атады:

  1. Дәрігердің кеңесінсіз антибиотик бермеңіз.
    Вирустарға антибиотик әсер етпейді. Оны бактериялы асқыну (құлақтың немесе өкпенің қабынуы) болғанда ғана дәрігер тағайындайды.
  2. Ыстықты дұрыс түсіріңіз. Парацетамол (панадол, эффералган, цефекон) – 10–15 мг/кг, тәулігіне 4 реттен артық бермеңіз; Ибупрофен – балама ретінде.
  3. Көп сұйық ішкізіңіз!
    Ең жақсысы – жай қайнаған жылы су.
    Тәтті компот пен шырынды көп бермеңіз, өйткені қақырық қоюланып, жөтел ұзаққа созылып кетеді.
  4. Дұрыс тамақтандырыңыз
    Чипс, газдалған сусын секілді ауруды одан сайын асқындыратын тамақ түрлерін ұсынбаған жөн.
    Жылы сорпа, картоп пюресі, жұмыртқа, сүзбе, буға пісірілген көкөніс – жеңіл, витаминге бай тамақ.

Дәрілердің қай түрін сатып алмаған жөн?

  • «Тамифлю», «Флувир», «Номидез» (осельтамивир) – тек тұмау вирусына ғана әсер етеді, басқа тұмауға пайдасы жоқ. Оларды дәрігер тағайындасын.
  • «Антигриппин», «Фервекс», «Колдрекс», «Терафлю» – бәрінің құрамында парацетамол бар. Ескеретін маңызды жайт: бірден бірнешеуін бергенде, бала парацетамолдан уланып қалуы мүмкін!

Бала қанша күн үйде емделуі керек?

  • Ыстығы түскеннен кейін, тағы кемінде 3–4 күн үйде өткізген дұрыс.
  • Мұрны ағып, жөтелсе – мектепке, балабақшаға жібермеңіз!
  • Реинфекция (қайта жұқтыру) ауруды ауырлатады, өкпенің қабынуына (пневмония) ұласып кетуі мүмкін.

Аурудың алдын алу – ең тиімді қорғаныс

  • Ауру бала үйде отырсын.
  • Қолды жиі жуу.
  • Жөтелгенде, түшкіргенде ауызға қол орамал басу.
  • Көп адам жиналатын жерге бармау.
  • Медициналық маска тағу (сау адамға маска тағу міндетті емес).

Осы қарапайым ережелерді ұстансақ, бала ауруы жеңіл өтіп, ешқандай асқынусыз жазылады.

2025 жылғы қарашада Қазақстанда гонконг тұмауы өршіді. Жұқпалы вирус әсіресе балалар арасында кең таралып жатыр. Соған байланысты елдегі жеті өңірдегі оқушылар сабақты онлайн форматта оқып жатыр. Тұмау өршіп тұрған жақта Астанада концерт өткізуге тыйым салынды.

Сондай-ақ оқыңыз