Банк пен қаржы

Дефицит 4-5 трлн: жергілікті бюджет тапшылығы жылдан-жылға ұлғая береді

бюджет тапшылығы дефицит
фото: shutterstock

Үкімет жергілікті бюджеттер тапшылығы 2026 жылы 4,2 трлн, ал 2028 жылы 5,4 трлн теңге болады деп болжайды. Өңірлердегі дефицит жылдан-жылға арта түседі деген сөз.

Үкімет болжамы

20 қарашада вице-премьер Серік Жұманғарин Сенаттың жалпы отырысында сөйлеп, «2026 – 2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы  трансферттердің көлемі туралы» заң жобасын таныстырды.

Үкімет трансферттер көлемін анықтау үшін жергілікті бюджеттердің кірісі мен шығысына болжам жасады.

«Жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау үшін жергілікті бюджеттердің кірістері 2026 жылы 10,7 трлн теңге, 2027 жылы 12,1 трлн теңге, 2028 жылы 13,3 трлн теңге мөлшерінде болжанды.

Шығыстар 2026 жылы 14,9 трлн теңгені, 2027 жылы 17,3 трлн теңгені және 2028 жылы 18,7 трлн теңге болады», – деді ұлттық экономика министрі.

Дефицит арта береді

Қарапайым тілмен түсіндірсек, жергілікті бюджеттердің тапшылығы жылдан-жылға арта түседі.

Жергілікті бюджет тапшылығы графика
Жергілікті бюджет тапшылығы жылдан-жылға арта түседі / графика: Kursiv.Media

Жұманғарин шығынға болжам жасаған уақытта инфляция көлемі ескерілгенін атап өтті. Дегенмен үкімет алдағы үш жылда жергілікті бюджеттердің республика қаражатына тәуелділігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді деп болжады.

Донор өңірлер

Вице-премьердің мәлімдеуінше, 2028 жылы Павлодар облысы өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал Маңғыстау облысы қайтадан донор болады.

Қазір Атырау облысы, Алматы мен Астана қалалары ғана республикалық бюджетке көп қаражат құятын донор саналады. Мұнайлы Маңғыстау өңірі донор болудан қалғаны 2022 жылы мәлім болған.

Үкімет бюджет тапшылығын салықты көтеру арқылы шешуге тырысты, алайда биыл күзде жоспарларының кейбірінен бас тартуға мәжбүр болды. Жұманғарин оны «әлеуметтік толқу қаупімен» түсіндірген.

Бұған дейін Kursiv.Media донор өңірлерге салмақ артып келе жатқаны, Алматы мен Астана орталыққа миллиардтар аударатыны туралы көлемді мақала жариялаған.

2025 жылғы қыркүйекте республикалық бюджетке қаржы жоспардан аз түскені мәлім болған.