
АҚШ президенті Дональд Трамп Әділет министрлігін «Эпштейн файлдарын» жариялауға міндеттейтін заңға қол қойды. Ақ үй басшысының айтуынша, ауқымды құжаттардың ішінде экс-президент Клинтонға қатысты мәліметтер бар.
Құпия құжаттар
«Жаңа ғана Эпштейн материалдарын жариялау туралы заң жобасына қол қойдым. Демократтардың Джеффри Эпштейнмен байланысы туралы шындық ашылатын болды», – деп жазды Трамп өзіне тиесілі Truth Social әлеуметтік желісіне.
Құрама Штаттар президенті бірнеше адамның атын атады. Арасында оның ұшағымен «26 мәрте ұшқан» экс-президент Билл Клинтон да бар.
Америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейн 2008 жылы жыныстық қылмыстарға қатысты көптеген айыптармен ұсталды. Оған 45 жыл түрме жазасын тартатын ауыр айыптар тағылды. 2019 жылы ол түрмеде өзіне қол жұмсады.
Эпштейн ісін тергеу барысында 300 гигабайт мәлімет пен заттай айғақ жиналған. Онда жыныстық қылмыс құрбандарының суреттері мен видеолары бар.
АҚШ Әділет министрлігі олардың бірқатарын биыл жариялаған, бірақ ең даулы мәліметтер әлі жарыққа шыққан жоқ.
Қазірдің өзінде атышулы кәсіпкерге байланысы болғаны үшін ғана бірнеше саясаткер мен кәсіпкер қоғам сынына ұшырап үлгерді. Олардың арасында Ұлыбритания королі Карлдың інісі Эндрюд ханзада да бар. Жақында ол сарайдан қуылып, атақтарынан айрылған.
Эпштейн және Қазақстан
Құпия құжаттарда Қазақстан туралы да мәліметтер бар. Бірақ оларды қылмыстық әрекеттерге жатқызу қиын.
Мәселен, 2024 жылы Эпштейннің паспортына қатысты құжаттар жарияланған. Онда қаржыгер Қазақстанға да сапарлап барғысы келетінін айтқан. Мәліметті былтыр ABC News жариялады.
2025 жылы АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының бақылау жөніндегі комитеті 20 мыңнан астам құжат жариялаған. Онда Эпштейн лоббистер арқылы конгресмен Даррелл Иссаға ықпал етуге тырысқаны айтылады. Исса сонау 2008 жылы Қазақстанның тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевты Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынғандардың бірі.