Бұрынғы уақыт белдеуіне оралмаймыз – ШҚО әкімі

ШҚО тұрғындары арасында көтерілген уақыт белдеуін өзгерту мәселесіне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов жауап берді. Әкімнің мәлімдеуінше, бұрынғы уақытқа оралу қарастырылмайды.
«Бұл сұраққа қатысты айтар болсақ, жаңа уақыт белдеуімен екі жылға уақыт өмір сүріп келе жатқанымызды мойындау қажет. Нақты айтсақ, 1 жыл 8 ай. Уақыт белдеуіне қатысты тақырып үкімет деңгейінде бірнеше рет қаралды»,– деді әкім орталық коммуникациялар алаңындағы брифинг барысында.
Облыс әкімі уақыт белдеуін өзгерту сұрағы қаралмайтынын кесіп айтты. Тұрғындарға қолайлы болу үшін уақыт белдеуіне сай келетін жұмыс кестесін ғана өзгерткенін атап өтті.
Айта кетсек, Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев, уақыт белдеуіне қатысты зерттеу жұмыстарының нәтижесін жариялап, жаңа уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына еш зияны жоқ екенін айтқан.
Ал 15 наурызда Бурабай өткен ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа уақыт белдеуі төңірегіндегі пікірталасқа нүкте қою керегін айтқан.