Венгрия ЕО-ны Украинаға көмек бермеуге шақырды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Еуропа Одағы және Украина
фото: shutterstock

Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто ЕуроОдақты Украинаға қаржылай қолдауды тоқтатуға шақырды. Бұлай айтуына «Энергоатом» мемлекеттік компаниясына қатысты жемқорлық дауы себеп болды.

«Украинада әскери мафия мен жемқорлық жүйе жұмыс істеп тұр. Ал Еуропалық комиссия төрағасы төлемдерді тоқтатып, жедел қаржылық тексеріс талап етудің орнына тағы 100 млрд еуро бөлуді жоспарлап отыр. Бұл – ессіздік», – деді ол.

Украинадағы Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро (NABU) «Мидас» деген операция жүргізді. Олар «Энергоатом» мен оның жеткізушілері арасында 10–15% мөлшерінде пара алынған жүйені анықтаған. Шамамен 100 млн долларға тең пара алынды деген күдік бар.

Еуропалық комиссия мәліметі бойынша, Ресей соғыс бастағаннан бері ЕО Украинаға 187,3 млрд еуро көлемінде қолдау көрсеткен.

Әзірге Ресей мен Украина арасындағы соғыстың бейбіт аяқталар түрі жоқ. Қазір Зеленский Еуропаны аралап, жақтастарымен қайта келіссөздер жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз