Жаңалықтар

Жекеменшік мектептер шуы: министр Такиев міндет әкімдіктерде екенін ескертті

Коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Милош Муратовский

Қаржы министрі Мәди Такиев Астанаға келіп, қаржыландыру мәселесін көтерген жекеменшік мектептердің басшыларының мәселесі жөнінде депутаттық сауалға жауап берді.

Такиев не дейді

Қаржы министрінің хабарлауынша, 2025 жылға арналған республикалық бюджетте Оқу-ағарту министрлігіне мемлекеттік білім беру тапсырысын жекеменшік орта білім беру ұйымдары арқылы орындауға 136,6 млрд теңге сомасында шығын көзделген. Бұл ақша қарашада бітіп қалған. 10 қарашадағы жағдай бойынша 134,5 млрд теңге игеріліп кеткен, қаржыландыру жоспарының 98,5 %-ы орындалған.

«2025 жылдан бастап жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастыруға арналған шығындар жергілікті бюджет қаражаты есебінен одан әрі қосымша қаржыландыру мүмкіндігімен өңірлерге ағымдағы нысаналы трансферттермен берілді. Бұл бүгінгі күні мемлекеттік мектептерден жекеменшік мектептерге ауысқан балаларды оқытуды қаржыландырмау тәуекелдерін нивелирлеудің және қаражаттың уақтылы ағынын жүргізудің жалғыз тетігі болып есептеледі», –  делінген жауапта.

Премьер-министрдің биыл ақпандағы хаттамалық тапсырмасына сәйкес жергілікті атқарушы органдарға 2025 жылы жергілікті бюджеттер есебінен жекеменшік мектептерді қосымша қаржыландыруды қамтамасыз ету тапсырылған. Жергілікті атқарушы органдарға тамызда тіпті осы жөнінде ескертулер жолданған.

«Бүгінгі күні министрлікке келісуге бұйрықтың пысықталған жобасы енгізілмеді», дейді министр.

Такиевтің мәліметінше, 2026-2028 жылдарға арналған трансферттер туралы заң жобасы шеңберінде жекеменшік мектептерге 760,3 млрд теңге сомасында (2026 жылға 248,1 млрд теңге, 2027 жылға 253,6 млрд теңге, 2028 жылға 258,6 млрд теңге) қаражат қарастырылғанын мәлімдейді.

Жекеменшік мектептер басшылары неге наразы

Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі болып тағайындалған күні Астанаға жеке меншік мектептердің басшылары жиналып, бәрі де қаржыландыру мәселесін шешуді талап еткен еді. Жиыны 30-40 адам «бүкіл Қазақстаннан келіп тұрмыз» деп, Қаржы орталығы арқылы әр оқушыға айына 60-100 мың теңге аралығында бұған дейін ақша бөлініп тұрғанын айтқан. Алайда бұрын да туындай бастаған қаржыландыру мәселесі биыл оларды тіптен тұралатқан.