Өскемен экологиялық апат аймағы деп жариялануы мүмкін бе

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қоршаған ортаны қорғауға арналған үш жылдық жоспар жүзеге асырылып жатыр / Фото: kursiv.media архиві

Өскеменде экологияға бөлінетін қаржы ұлғайғанымен, бұған дейін жасалуы тиіс кейбір міндеттер әлі орындалмаған. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов облыста қоршаған ортаны қорғауға арналған үш жылдық жоспар жүзеге асырылып жатқанын айтады. Бағдарлама аясында экологияны жақсарту үшін бөлінетін қаржы да аз емес.

Әкім келтірген мәліметке сенсек, бұл бағдарламаға 10 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Ол ақшаға қазандықтарды жаңғырту, кәріз тазарту нысандарын қайта құру, қалдықтарды көму орындарын рекультивациялау және көгалдандыру жұмыстары кіреді.

Сақтағановтың айтуынша, соңғы бес жылда өнеркәсіптік кәсіпорындардың шығарындылары 9%-дан астам азайған. Сонымен қатар аймақта пешпен жылытылатын 36 мыңға жуық жеке тұрғын үйді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жоспарланып отыр.

Экологияға бөлінетін ақша аз емес, нәтиже бар ма?

Әкімнің айтуынша, өңірде экологиялық шараларға бөлінетін қаражат расымен артқан.

«Өткен жылы экологиялық іс-шаралар жоспары аясында 3,9 миллиард теңге бөлінді. Биыл бұл көрсеткіш 5,3 миллиард теңгені құрап отыр. Өсім 30 емес, 35 пайыз болды», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

БАҚ өкілінің Өскеменді экологиялық апат аймағы деп жариялау мүмкіндігі жөніндегі сұрағына әкім былай деп жауап берді:

«Біз мұндай нұсқаны қарастырмаймыз. Басты ұстанымымыз – жүйелі жұмыс пен қоршаған ортаны қорғау жоспарын кезең-кезеңімен жүзеге асыру», – деді ол.

Айта кетейік, Өскеменде құны 498,5 млн теңге тұратын ауа мониторингі жүйесі орнатылады. Әкімдік мәліметіне сәйкес мемлекеттік сатып алу порталында құны 498,5 млн теңге болатын жүйені сатып алу туралы хабарландыру жарияланған. Келісімшарт қол қою сатысында тұр.

Сондай-ақ оқыңыз