Lifestyle

90 жылдық тарих: Жамбыл атындағы филармония мерейтойын гала-концертпен атап өтті

фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алматыдағы Республика сарайында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының 90 жылдығына арналған салтанатты гала-концерт өтті.

Концерт басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты оқылды. Хатты Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов жеткізді.

«Ахмет Жұбанов негізін қалаған филармония халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртып, өркениетіміздің өрісін кеңейтуге, қазақтың ән-күйін әлемге танытуға зор үлес қосты», – делінген Президенттің хатында.

Ұлттық өнер мен классикалық музыка тоғысты

Гала-концертте филармонияның жетекші шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, ұлттық музыкалық дәстүр мен заманауи академиялық бағыт үйлесім тапты. Бағдарламада Нұрғиса Тілендиев, Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, Төлеген Қажығалиев пен Әділ Бестібаев шығармаларымен қатар Бетховен, Римский-Корсаков, Вивальди және Сарасате секілді әлемдік классиктердің туындылары орындалды.

Тарихы терең филармония

1935 жылы құрылған Жамбыл атындағы филармония – қазақ музыкасының қара шаңырағына айналды. Ұлттық көркемөнер ұжымдарын қалыптастыруға бағытталған сол кезеңдегі бастамалар нәтижесінде Алматыда Қазақ мемлекеттік филармониясы құрылып, 1938 жылы Жамбыл Жабаевтың есімі берілді.

Алғашқы жылдары филармония құрамында домбырашылар ансамблі, хор, солистер тобы және Ахмет Жұбанов басқарған халық аспаптар оркестрі жұмыс істеді. Мұнда Дина Нұрпейісова, Науша Бөкейханов, Қали Жантілеуов, Ғарифолла Құрманғалиев секілді қазақ музыка өнерінің биік тұлғалары еңбек етті.

Филармония сахнасында Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Бақытжан Байқадамов, Ғазиза Жұбанова және басқа да белгілі композиторлардың көптеген шығармалары алғаш орындалды.

Мерейтой көрмесі

Кеш аясында филармония тарихынан сыр шертетін арнайы көрме ұйымдастырылды. Экспозицияда мекеменің қалыптасу кезеңдері, сондай-ақ Нұрғиса Тілендиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған материалдар ұсынылды.

Еске сала кетейік, биыл сонымен қатар қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойы аталып өтті.