
«№37» фильмі – көрерменді ойландырып, миын қозғап, мазасын алатын, қайта-қайта оралтып отыратын үлкен өнер туындысы.
Режиссер Жандос Айбасовтың толықметражды дебюті қазақ киносы үшін күтпеген жаңалық болды. Бұрын актер әрі каскадер ретінде танылған Айбасов бұл жолы режиссер ретінде өз деңгейін бүкіл елімізге ғана емес, әлемдік стандартқа лайық екенін дәлелдеді.
Режиссура: терең үнілуге арналған фильм
Фильмнің алғашқы кадрынан бастап-ақ «деңгейі бөлек кино» деп қаласыз. Айбасовтың режиссерлік тілі айқын, детальға құрылған монтаж, символға толы визуал, режиссердің философиялық көзқарасы барлығы да картинаға ерекше тыныс береді. Экрандағы әр көрініс сурет сияқты. Әр кадр бөлек мағына. Бұл фильмді түсіну үшін бір рет көру жеткіліксіз. Тереңдігін толық сезіну үшін бірнеше рет бару қажет.
Шығарманың негізі: Исмаил Иманның «Сад астары» пьесасынан
Фильм әзірбайжан авторы Исмаил Иманның «Астара бақтары» пьесасынан бейімделген. Шам театры осы туындыны екі жыл сахнада қойып, халыққа ой салған еді. Кинодағы оқиғаның құрылымы да пьесалық тереңдікті сақтап қалған: кейіпкерлердің ішкі диалогтары, рухани конфликтілері, символдар жүйесі барлығы да режиссер тарапынан қазақ болмысына сай қайта өңделген. Сюжетті тереңірек түсінгісі келгендерге пьесаны оқып шыққан дұрыс шығар.
Актерлік құрам: жан айқайын көзқараспен жеткізгендер
Бұл фильмнің ең мықты тұстарының бірі – актерлік құрам. Еркебұлан Дайыров, Зарина Кармен, Асан Мәжіт, Сағызбай Қарабалин, Тынышкүл Сұлтанбердиева нағыз театр мектебінен өткен майталмандар. Олардың әрқайсысы өз рөлін саф алтындай таза етіп алып шыққан. Театр өнері кино форматына шебер келіп сіңген.
Актерлердің ішкі энергиясы арқылы көрермен отбасы мүшелерінің арасындағы салқындықты, жақындауға деген қорқынышты, ал бір жағынан жылулыққа деген өшпейтін мұқтаждықты сезеді.
Фильмде басты рөлді сомдаған Еркебұлан Дайыровтың айтуынша:
«№37 – барыңды уақытында бағалай біл» – деген маңызды ойды жеткізеді.
Сондай-ақ, әр көрермен бұл фильмдегі мән-мағынаны өзінше түсінуі мүмкін.
Фильмнің табиғаты: бәрі түсіне бермейтін өнер
«№37» – көңіл көтеріп, pop-corn жеп, демалып көретін кино емес. Бұл зерттеуді, ойлануды, ішкі әлеммен бетпе-бет келуді талап ететін терең драма. Кез келген адам бірден түсіне бермейді. Фильмді қабылдау үшін көрерменге терең сана керек. Сондықтан бұл фильмге жай ермек үшін баруға болмайды.
Қорытынды «№37» -қазақ киносына жаңа үлгі, жаңа өлшем әкелген туынды. Шетелдік артхаус деңгейіндегі режиссура, мықты актерлік ойын, терең философиялық астар бәрі қосылып, ұлттық кинематографиямызға ерекше қадам жасайды. Міндетті түрде көруге тиіс фильм. Бірақ дайындықпен барыңыз. Бұл киноны көріп қоймай, ой өзегіңізден өткізесіз.