Банк пен қаржы

Бөліп төлеу ойланбай сауда жасап, қарызға батуға әкеледі – сарапшы

Бөліп төлеу ойланбай сауда жасап, қарызға батуға әкеледі/ коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

Бөліп төлеу адамның алатын зат бағасын ойлау мүмкіндігін төмендетіп, асығыс қарыз алуға итермелейді. Бұл туралы McKinsey зерттеуіне сүйенген экономист Елдар Шамсутдинов «Курсив» өткізген тұтынушылық несие беру тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында айтты.

Шамсутдиновтың сөзінше, бағаны ойламау адамдарды көп әрі қымбат сауда жасауға итермелейді. Бұл кезде адамдар оның салдарын да ойламайды.

«Бөліп төлеу адамдардың баға жайлы ойлануына мүмкіндік бермей, тегін алып жатқандай сезім тудырады. Яғни сауданың 30-40%-ы ойланбастан жасалады. Адамдар қарызының жалпы көлемін ескермей, тек ай сайынғы төлемді көреді. Сөйтіп қарызды үсті-үстіне ала береді. Сондықтан реттеушілер қарыз жүктемесінің коэффициентін уақытылы жаңартып отыруы керек», – дейді сарапшы.

Сондай-ақ сарапшы бөліп төлеу шектен тыс тұтынуға, оның арты қарызға батуға әкелуі мүмкін екенін айтады. Бөліп төлеумен қатар, адамдар пайызы жоғары овердрафтар мен микроқарыз ала бастайлы. Ақыр соңында кредит төлей алмай, күйзеліске тап болады.

«Бөліп төлеу алдағы шығын мен кредитке деген тәуелділікті арттырады. Мұның соңы қарыз қақпанына түсіреді. Өйткені төлегеннен кейін де, адам қалтасына қарамай көп жұмсайтын болады», – деп қосты Шамсутдинов.

Экономист бөліп төлеу сұранысты қолдан жасайтынына да тоқталды. Бағаны сезбей сатып алу тұтынушылардың мінез-құлқын өзгертіп, қарыз жүктемесі жоғары қарыз алушылар сияқты көп әрі қымбат сатып алуға әкеледі.

Шамсутдинов мұндай құбылыстың макродеңгейде де әсері барын атап өтті. Сұраныс инфляцияны күшейтіп, Ұлттық банктің пайыздық мөлшерлемесіне сезімтал болмай қалады.

Бұған дейін Қаржыгерлер қауымдастығының төрайымы Елена Бахмутова тауар бағасының өсуі кредиттен емес, теңге бағамының әлсіреуінен болып жатқанын айтқан еді.