
Астанада «Алания» клубының күзетшілеріне сот үкімі шықты. Олар Азат Қабыкеновті соққыға жыққаны үшін кінәлі деп танылды.
Айта кетейік, 2025 жылдың 16 ақпанынан 17 ақпанына қараған түні бір топ жігіт Азат Қабыкеновті соққыға жыққан. Салдарынан ер адам бірнеше айдан кейін аурухана төсегінде қайтыс болды.
Сот үкімі
Басты сотталушы Фархат Тілектеске адамдар тобы болып адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіруі кісі өліміне әкеп соқты және бұзақылық жасады деген айып тағылған. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
«Сотталған Тілектес 2025 жылдың 17 ақпанынан бастап үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұстау мекемесіндегі бір күні қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің 1,5 күні деп есептелсін», – деді судья.
Ал Дмитрий Тороп қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағы, 106-бабы 3-бөлігінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол түпкілікті 9 жылға сотталды.
Рақымшылық туралы заң қолданылды
Ал Сағыныш Жарылқап, Расул Тохтибакиев, Әділхан Төлеш, Жандос Януш бұзақылық жасап, адам денсаулығына қасақана зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
«Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына байланысты рақымшылық туралы заңның негізінде сотталған Жарылқап, Төлеш, Тохтибакиев, Янушке тағайындалған жазаның 1/5 бөлігі қысқартылып, түпкілікті 3 жыл 2 ай 12 күн мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын», – деді судья.
Тохтибакиев пен Януш сот залында қамауға алынды.
Айта кетейік, Төлеш «Алания» клубында төбелес шыққан кезге дейін ол жерде небәрі алты күн жұмыс істеген. Ал сотталушы Януш жұмысты екі апта бұрын бастаған.