Жаңалықтар

«Жақсы үлгі»: Никол Пашинян Қазақстан туралы не деді

Тараптар екіжақсы келіссөздер жүргізді/фото: Ақорда

Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстанды үлгі санайтынын жеткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Пашинянның Қазақстанға сапары екіжақты қарым-қатынасты тереңдетуге және ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді.

«Қазақстан біздің ел үшін өте жақсы үлгі деп санаймыз. Біз қазақ халқын құрметтейміз. Осы құрмет екіжақты ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға негіз болады. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен өзара ықпалдастығымыздың басты бағыттарын ілгерілету жағдайын жан-жақты талқыладық.

Өңірдегі өзгерістерді ескерсек, экономикалық және көлік саласындағы қатынастарымыздың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашылады. Көлік бағытындағы әлеуетті толық жүзеге асыру маңызды. Оның нәтижелі болатынына сенімдімін», – деді Никол Пашинян.

Кездесу барысында сауда-экономика, көлік-транзит, инвестициялық ықпалдастық, тау-кен, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу, денсаулық сақтау, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланған.

Айта кетейік, Никол Пашинян әлеуметтік желідегі парақшасында Астанадан түсірілген видео жариялады. Видеодан қазақстандық әнші Баянсулу Сағындықова (BAYANSULU) орындайтын Aua rai әнін естуге болады.