
Қасым-Жомарт Тоқаев Армения премьер-министрін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
«Тоқаев салтанатты іс-шарада қазақстандықтар Никол Пашинянды Арменияның дамуына жаңа леп әкелген, мемлекеттік құрылымның барлық салада қайта жаңғыруына тың серпін берген жалпыұлттық көшбасшы деп білетінін жеткізді», – деп хабарлады Ақорда.
Қазақстан президенті Пашинянның ішкі және сыртқы саясатта парасатты, жауапты ұстанымымен үлгі көрсетіп отырғанын айтқан.
«Өте күрделі геосаяси ахуалда қалыптан тыс әрі батыл шешім қабылдадыңыз. Түптің түбінде бұл армян халқына пайдасын тигізетін өте құнды шешім болды. Достас, бауырлас Армения бейбітшілік, орнықты даму жолын таңдағаны анық. Бұл істе Сіздің тарихи еңбегіңіз зор. Вашингтонда қабылданған Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісімді ілгерілетуде елеулі рөл атқарғаныңызды атап өткім келеді», – деді Қазақстан президенті.
Қазақ-армян қарым-қатынасын дамытудағы үлкен үлесі мен айрықша еңбегін ескеріп, Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттаған.
Айта кетейік, бұған дейін Армения премьер-министрі Никол Пашинян Қазақстанды үлгі санайтынын жеткізді.